Батыс Қазақстан облысында «Жыл үздігі — 2017» облыстық жастар премиясы берілмек

Байқау 2008 жылдан бері облысымыздағы мемлекеттік жастар саясатын кеңінен насихаттауға және жүзеге асыруға үлесін қосқан, жыл бойына жастар қозғалысының дамуына белсене араласқан, әр сала бойынша өз кәсіби шеберлігін көрсеткен жастарды анықтау мақсатында жыл сайын өтіп келеді.

Жастардың елдің қоғамдық-саяси, мәдени, экономикалық өмірге белсенділігін арттыруды көздеп ұйымдастырылатын байқау 11 негізгі, 2 арнайы аталымдардан тұрады. Бұл аталымдар: «Үздік жас көшбасшы»; «Үздік студент»; «Үздік жас ұстаз»; «Үздік жас ғалым»; «Үздік жас өнерпаз»; «Үздік жас дәрігер»; «Үздік жас спортшы»; «Үздік жас журналист»; «Үздік жас маман»; «Үздік жас кәсіпкер»; «Үздік мектеп көшбасшысы». Сондай-ақ, білікті мамандардан құрылған комиссия «Қайсарлығы мен батылдылығы үшін» және «Жыл жаңалығы» атты арнайы аталымдар бойынша да үздіктерді анықтап, бағалы жүлделерін тапсырмақ. Байқауда қатысушының тек 2017 жылғы жетістіктері ғана қаралады. Өткен жылғы жеңімпаздар биылғы байқауға қатыса алмайтындығын баса айтуымыз керек.

Құжаттар 2017 жылдың 20 қарашасына дейін Орал қаласы Достық-Дружба көшесі, 179 үй мекенжайында орналасқан Батыс Қазақстан облысы бойынша «Болашақ» қауымдастығына қабылданады. Қажетті құжаттар: сауалнама,өмірбаян, қатысушыға ұйым басшылығы және қызмет саласы бойынша сарапшы атынан қолдаухат, алған марапаттарының көшірмелері. Байқауға қатысушылар 14 пен 29 жас аралығында болуы тиіс (Құжат тапсыру кезінде 28 жастан аспауы міндетті). Жастар премиясын табыстау салтанаты ағымдағы жылдың желтоқсан айында өтеді. Нақты уақыты үздік деп танылған жастарға қосымша хабарланады. Толық ақпаратты Батыс Қазақстан облысы бойынша «Болашақ» қауымдастығынан алуға болады. Байланыс телефондары 50-33-07, 8775 252 10 02.