Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) үміткер қаланы анықтау үшін 15 талап бойынша бағалау жұмыстарын жүргізеді. Атап айтар болсақ, оған жалпы жоба; қысқы ойындардың концепциясы және спорт ареналары; Олимпиада қалашығы; Медиа-орталық; спорттық шараларды өткізу тәжірибесі; қоршаған орта және метеорология; қонақ үй; транспорт; допинг-бақылау; қауіпсіздік; телекоммуникация; энергетика; елдің спорттық заңнамасы және виза; басшылық пен халықтың қолдауы; қаржы және маркетинг кіреді. Алматы бұл талаптарға сай деп айтуға болады. Себебі осыған дейін Олимпиада ойындарын өткізуге өтініш жасап көрді. 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге ұмтылып, шешуші сәтте ғана Бейжіңге жол берді.
Бүгін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бұл сұраққа өз жауабын берді.
Әкім Алматыда өткен Универсиада ойындары Халықаралық студенттер спорты федерациясы(FISU) тарапынан жоғары бағаға ие болғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ Алматыдағы дода жарыс тарихындағы ең үздігі деп танылған болатын.
Қысқы ойындарды өткізуге қаланың инфраструктурасы толықтай жетеді. Барлығы дайын болғандықтан қатысасыңдар ма деп сұрайтындар көп. Себебі Универсиада ойындарының ашылуы мен жабылу салтанаты Олимпиада ойындарынан кем болған жоқ. Мұның барлығын отандық компаниялардың қолдауымен жүзеге асырдық. Бірақ Алматы 2026 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге өтініш берген жоқ деп ресми түрде айтамын, — деді Бауыржан Байбек.
2026 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізу туралы өтініштер осы жылдың 16 наурызы мен 16 қыркүйегі аралығында қабылданған. Бұл жайында ХОК үміткер болуы мүмкін қалаларды атаған-ды. Ол қатарда Алматыдан өзге Инсбрук (Австрия), Калгари (Канада), Сьон (Швейцария), Эрзурум (Түркия) және Саппоро (Жапония) қалалары болған еді.