Өзім туралы
Спортқа 12 жасымда келдім. Ол кезде Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданындағы мектеп интернатында 5 сыныпта оқитынмын. Ауылда күреспен айналысатын орталық болмады. Әкем спортпен айналысқандықтан, кішкентай кезімнен жаттығуларды көріп, өстім.
Алғаш рет 5 сыныпта күрестен аудандық жарыс болды. Сол жылы бірінші рет (42 келіде) жеңіс тұғырынан көрініп, тефаль ұтып алғаным есімде. Білесіз бе, ата-анам алғашқы жеңісіме қатты қуанған.
Мектепте жоғары сынып оқушыларының күреспен айналысуы, біздерге стимул болатын. Соларға қарап, мен де күреспен айналысып кеттім. Кейін Өскемендегі спорт интернатына емтихан тапсырып, түстім. Осы сәттен бастап күреске салғырт қарамайтын болдым. 10 сыныпты бітіргеннен кейін Республикалық спорт колледжіне бардым.
2018 жылды жаңа қарқынмен бастаймын
2017 жылы (еркін күрестен 84 кг салмақ дәрежесінде) Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатына бір ай қалғанда жарақат алып қалдым. Владикавказдан енді келіп, Алматыда жаттығуды бастап жатқан кезіміз еді. Чемпионатқа жарақат алып қалғандықтан дайындықсыз бардым. Бір апта жаттыға алмадым. Бірақ бірінші орын алуға тырыстым. Ол мақсатым орындалды.
Қазір жарыстарға қатыспай, жаттығу жасап, өзімді қалпыма келтіріп жатырмын. Алла қаласа, 2018 жылды жаңа қарқынмен бастаймын деп отырмын. Себебі алдағы жылы 23 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатына қатысқалы жатырмын.
Қайтадан күресуге күш пайда болды
Бала күнімде жарыстан орын алмасам, басқа салаға кетемін деп ойлайтынмын. Бірақ жүлделі орындардан көрініп жүрдім. Спорт колледжінің ұстаздарымен танысып, қайтадан күресуге күш пайда болды.
Жаттықтырушым: «Алматыда спорт колледжі бар. Егер ары қарай күресіп, жетістікке жеткің келсе, Өскеменде қалмай сол колледжге түс», — деді.
Спорт колледжінде барлығы тәртіп бойынша жүреді. Таңғы ас ішкеннен кейін сабақ, таңғы жаттығу басталып кетеді. Түскі астан соң қайта сабаққа барамыз. Кейін тынығып алып, кешкі сағат алтыда қайта жаттығуды жалғастырамыз. Алдағы мақсат – жарақатты емдеп, 2018 жылы басталатын бірінші старт Қазақстан чемпонатына қатысу. Шындығында, Республикалық спорт колледжінде Қазақстанның ең мықты деген балуандары жаттығады.
Бір қателігімнің кесірінен ұтылып қалдым
Жаттықтырушылар үміт артып, сенім білдірген соң үміттерін ақтағым келеді. Отбасым шаршы алаңға шыққан сайын хабарласып, уайымдап отырады. Олар менің Алмас Жүніс болып қалыптасуыма еңбек сіңірген жандар. Сондықтан әрдайым ата-анамның сенімдерін ақтасам деймін. Ұтылып қалған кезде қателіктерімді түзеуге тырысамын. Мысалы, бүкіл Қазақстан үміт артқан Әлем чемпионатында екі рет жеңілдім. Сол кезде жеңуге болатын еді… Бір қателігімнің кесірінен ұтылып қалдым. Ол күш те, ақыл да бар деп ойлап, ұтылған тұсым. Енді сол қателермен жұмыс істеп жатырмын.
Әлемде көш басын Ресей құрамасы, АҚШ, Иран балуандары бастап тұр
Әр елдің балуандары әртүрлі. Еркін күресте сегіз салмақ дәрежесі бар. Қазіргі әлемде Ресей құрамасы, АҚШ, Иран балуандары көш басында келе жатыр. Олардың арасында бәселестік жақсы.
Осы күрес саласында әсіресе, Дағыстан мен Солтүстік Осетия спортшылары ерекше. Соңғы екі жылдан бері жаттығуды аталмыш елдерде жасап жүрміз. Бір залда кем дегенде 5-6 әлем чемпионы жүреді. Қазақстан ондай дәрежеге жете қойған жоқ. Олар: «халықтың тұрмысы нашар болған соң, бұдан басқа айналысатын сала жоқ», — дейді. Яғни, Әлем және Олимпиада чемпиондарын көріп, қандай да бір дәрежеге жетуге болады деп ойлайды. Тағы бір айта кетерлігі, олар күндіз-түні жаттығады. Және де мақсатқа жету үшін тек күш қана емес, ақыл-ойдың да маңызы зор.
Соңғы кездерде жақсы нәтиже көрсетіп жүрген Хасан Яздани есімді Иран балуаны бар. Риода 74 келі дәрежесінде алтын алды. Соңғы Парижде өткен әлем чемпионатында жеңімпаз болды. Сол балуанға қызығып, тісімізді «қайрап» жүрміз.
Есентай Хапар жаттықтырушысы: Алмастың осы уақытқа дейінгі жеткен жетістігі — жастар арасынан 84 келіде Қазақстан чемпионы болуы. Қазір жастар арасынан жасы өтіп, 23 жасқа дейінгі жастар (өтпелі жас) сапында. Алдағы уақытта өтетін Қазақстан чемпионатына дайындалып жатыр. Егер жеңімпаз болса, ары қарай Әлем біріншілігіне қатысады. Ары қарай екі-үш жыл тәжірбиесін шыңдап, дұрыс бағытпен жұмыс істейтін болса, ересектер арасынан Қазақстан чемпионы болып немесе әлемдік деңгейде үлкен жетістіктерге жетеді деген үмітіміз бар. Оның бәрі өз қолында. Алмасты Келешегі бар спортшы деп айта аламын. Былтыр Қазақстан чемпионатында жеңімпаз болғанымен, Азия біріншілігінде бесінші орын алды. Жарысқа жарақаты бар болса да, қатысты. Қазір ем қабылдап жатыр. БОЗ Кілемге толықтай шыққан жоқ. Дене дайындығын шыңдап жатыр.
Жетістіктері:
2017 жылы еркін күрестен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы.
Сұхбаттасқан және фото авторы Айгүл ХОЖАНТАЕВА
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.