«Біздің басты жұмыс — интернетте, теледидарда таратылатын ақпаратты бақылау. Алдағы жылдың соңына дейін бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізбекпіз. Аталған жүйе интернетті бақылайтын болады, яғни желідегі ақпаратқа шолу жүргізеді. Әрине, бұл үшін уақыт керек, себебі ол оңай шаруа емес. Біз бұл жобаны іске асыратынымызға сенімдімін»,-дейді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.
Жаңа жүйе бойынша, талаптарға сай емес ақпарат таратқан интернет сайттарға Министрлік ескерту жолдайды, кейін бұғаттайды.
«Бұл жүйе қалай жұмыс істейді? Тек ағымдағы жылы біз үш мыңға жуық сайтты бұғаттадық. Бұл шара құқыққа қайшы контент алынбаған кезде қолданылады. Біздің министрлік құқыққа қайшы материалдарға қатысты 270 мыңға жуық ескертуді жолдады. Яғни лаңкестік, экстремизм, порнография және басқа да осы тектес материалдар болған. Мәселен, әлеуметтік желіде материал пайда болды делік, біз барша әлеуметтік желіні бір материал үшін бұғаттай алмаймыз. Сондықтан да желінің әкімшісімен байланысқа шығуға тура келеді, ал әкімші өз кезегінде тиісті шараларды қабылдайды», — деп түсіндірді Дәурен Абаев.
Айта кетейік, Қазақстанда заңға қайшы келетін 2,5 мың интернет-ресурс анықталды.