2015 жылы 97 мыңнан астам азамат арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды

Арнаулы әлеуметтік қызметтер — өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарда пайда болған әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, сонымен бірге, оларға өзге азаматтармен тең дәрежеде қоғамдық өмірге араласуға мүмкіндік беретін кешенді қызмет көрсету.

Бұл қызметтерді мемлекет кепілдендіреді. Сонымен қатар, аталған қызмет жетімдік, панасыздық, әумесерлік мінез-құлық, мүгедектік, жасы ұлғаюына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсете алмағанда, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққанда, үйсіздік, мерзімінен бұрын шартты босату, қатігез қарау жағдайында тегін көрсетіледі.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер оған мұқтаж адамның тіршілік әрекетіндегі 8 саласында: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жеке ерекшеліктерін ескере отырып көрсетіледі.

Арнаулы әлеуметтік қызметтің бір түрі – мүгедектігі, психоневрологиялық аурулары бар адамдар, сонымен қатар, тірек-қимыл аппараттары бұзылған балалар және қарттарға арналған интернат-үйлердің балама түрін жасау болып табылады.

Қызмет көрсетудің мұндай түрі қазіргі таңда мүгедек балаларға арналған күндізгі бөлімдерді белсенді дамыту желісі болып табылады. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі биылғы жылы аталған қызметтерді ҮЕҰ немесе жеке құрылымдарға аутсорсинг түрінде беру арқылы дамыту бойынша жұмысты жалғастырады. Бұл 548 баланы өз отбасына қайтаруға, аталған ұйымдарға баратын балалардың 500-ден астам ата-анасын жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді.

Сонымен бірге, стационарлық түрдегі медициналық-әлеуметтік ұйымдарды әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына айналдыру арқылы өзге санаттағы азаматтарға бюджеттен ғана емес, ақылы негізде аталған қызметтерді көрсету жоспарланып отыр.

Жалпы алғанда, арнаулы әлеуметтік қызмет жүйесін енгізгеннен бастап, қызметпен қамтамасыз етілген азаматтардың саны 2009 жылы 72,4 мың адамнан 2015 жылы 97,2 мың адамға (34 %-ға) ұлғайды.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылғы 20 ақпанда Мемлекет басшысы «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» ҚР Заңына қол қойды. ҚР Үкіметі 2012-2018 жылдарға арналған Мүгедектердің құқықтарын қорғау және өмір сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын қабылдап, кезең-кезеңмен іске асыруда. Аталған жоспардың негізгі бағыттарының бірі – арнаулы әлеуметтік және оңалту қызметтерінің тиімділігін арттыру болып табылады. Қазіргі таңда Қазақстанда 627 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат бар.