Бильярдпен 11 жасымнан бастап айналысып келемін. Қазақстан чемпионатының бірнеше мәрте жеңімпазымын. Әлем чемпионаттарына да қатысып көрдім, бірақ онда әзірге ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетпедім.

Бильярдпен алғаш рет ата-анам арқылы таныстым (күліп). Көрген сәтте бірден ұнады. Өте қызық ойын. Өзіндік аурасы, стратегиясы бар. Алғашқы күннен-ақ бильярд менікі екенін ұқтым. Осы спорт саласында жетістікке жетуді, чемпион атануды мақсат еттім. Бірінші жаттықтырушым – әкем. Одан кейін бильярдтан әлем чемпионы Ернар Шымбаевпен алты жыл жаттықтым. Қазір жаттықтырушым жоқ. Үйде бильярд үстелім бар, сонымен жаттығамын.

Ислам Абуниязов
Фото: baribar.kz

Бұл спорт түрі төзімділікті талап етеді

Көп адамдар бильярдты көңіл көтеруге арналған құмар ойын деп ойлайды. «Ой, сендер ақшаға ойнайсыңдар»,- деп айтатындар бар. Шын мәнінде, бильярд – спорт. Өз басым бильярдтан көп нәрсе үйрендім. Мысалы, бір кездесуге орта есеппен бір жарым сағат уақыт кетеді. Ол жерде әр соққыңызды жоспарлайсыз. Бұл төзімді болуды талап етеді. Сол себепті шығар, сабырлы адаммын.

Ең қиын кездесуім…

Осы уақытқа дейін бірнеше кездесу өткіздім. Еліміздегі бильярдшылардың бәрімен ойнап көрдім. Жақында Қазақстан чемпионаты өтті. Онда жұп болып ойнадық. Қарсыластарыңыз кім болды дейсіз бе? Жаттықтырушым — Ернар Шымбаев. Сол ойын өте ауыр өтті. Бірақ «басы қатты болғанымен, аяғы тәтті болды», біз жеңдік (жымиды).

Алдағы уақытта аты аңызға айналған бильярдшылармен кездесу өткізгім келеді. Бірақ олар қазір әлем чемпионаттарына сирек келеді.

Танымалдық? Ол туралы ойламаппын. Бильярдты танымалдыққа жету үшін таңдаған жоқпын.

Бильярдтан әлем чемпионы болу үшін күніне сегіз сағатыңызды жаттығуға арнауыңыз керек. Себебі мұнда сәттілік немесе жолы болу деген түсінік жоқ. Жеңіс тек жаттығу арқылы келеді. Білесіз бе, әлемде бұл ойынның бүге-шүгесіне дейін жетіп, барлық техникаларын меңгерген бірде-бір адам жоқ. Орыстардың «Век живи, век учись» деген сөзі бар ғой. Сол сияқты уақытыңызды арнаған сайын, үйрене беретін спорт түрі.

Ислам Абуниязов
Сурет Ислам Абуниязовтың жеке мұрағатынан

Кейде дайындықтарға байланысты сабаққа бармай қалып жатамын. Бұл жағдайға ұстаздарым түсіністікпен қарайды (Ислам — Алматы техника-экономикалық колледжінің студенті – авт.)

Кий – басты қаруым

Әр боксшының өз қолғабы болатыны сияқты, біздің спортшылардың өз кийі болады. Менің қазір үш кийім бар (жымиды). Кий бильярд спортындағы ең басты құрал болғандықтан, оны таңдауда мұқият болу керек. Кейбіреуін қолыңызға алғаннан-ақ сіздікі емес екенін біліп тұрасыз. Сондықтан өзіңіздікін тапқан дұрыс. Ол қолыңызға ыңғайлы, сіздің соққы жасау тәсілдеріңізге «көнетін» болуы керек. Тәжірибелі бильярдшы кийді ұстаған бетте оның жақсы не жаман екенін айыра алады.

Ислам Абуниязов
Фото: baribar.kz

Бильярд — қымбат спорт

Бұл спорттың да өзіндік ережелері бар. Бастысы сегіз шар түсіруіңіз керек. Ойын барысында шарлар ыңғайсыз тұрып қалып, дұрыс соққы жасау үшін үстелге шығуға тура келетін жағдайлар болады. Бірақ ондай кезде бір аяғыңыз міндетті түрде жерге тиіп тұруы керек. Бұл да – ереже. Сондай-ақ, соққының әлсіздігінен шарыңыз үстелдің тек бір жақтауына ғана соғылса, «айып соққы» болады да, қарсыласыңызға үстелден кез келген шарды алып тастау құқы беріледі. Қандай жағдайда «айып соққы» болмайды? Шар бір жақтауға ғана тиіп, үстелдің екінші жартысына өтсе немесе керісінше, ортаны кесіп өтіп барып, бір жақтауға ғана тисе, ойынды жалғастыра бересіз. Ал шарды қай қолмен, қалай соғасыз, оған ерік беріледі.

Ислам Абуниязов
Фото: baribar.kz

Соңғы кезде бильярдқа деген қызығушылық төмендеп кетті. Жастар тіпті сирек ойнайтын болған. Бұрын жастар арасындағы Қазақстан чемпионатына 70-80 адам келетін. Қазір 10-15 адам келсе, қуанамыз. Оның себебі бильярдты насихаттау жұмыстары жоқтың қасы. Қаладағы көптеген бильярд мектептері жабылып қалды. Онда сабақтар тегін өтсе де, оқушылар бармайды. Сосын бұл – қымбат спорт. Мысалы, кейбір жаттығулардың құны айына 150 мың теңге, тіпті 500 мың теңгеге дейін барады. Бірақ қолдаушылар жоқ деп айтпаймын. Әлем чемпионаттарына ҚР Бильярд спорты федерациясы өз қаражатымен алып барады. Чемпионаттар алдында Алматыдағы біраз бильярд клубтары бізге жаттығу үшін тегін үстел береді. Жақында, яғни 29 қараша күні тағы бір әлем чемпионаты болады. Жігіттер қазір соған дайындалып жатыр. Өкінішке орай, ол тізімде мен жоқпын.

Қазақстан құрамасы бильярдтан үздіктердің қатарында

«Жаттықтырушым болыңызшы» деп келетіндер бар. Дегенмен шәкірт тәрбиелеуге ерте деп ойлаймын. Бір жағынан уақыттың тапшылығы да бар. Кейде інілеріме, достарыма ғана қалай ойнау керектігін көрсететінім болмаса, ресми түрде жаттықтырушы емеспін (күліп).

Жаттықтырушым Ернар Шымбаевты үлгі тұтамын. Ол кісінің ойын үлгісі, кездесулерде өзін ұстағаны ұнайды. Жалпы, біздің жігіттерді бүкіл әлем таниды. Себебі Қазақстан құрамасы бильярдтан үздіктердің қатарында. Оған әлем чемпионаттарына барғанда көзім жетті.

Ислам Абуниязов
Фото: baribar.kz

Кейіпкерден кеңес

Егер балаңыз кәсіпқой бильярдшы болғанын қаласаңыз, жаттығуына қатты мән беріңіз. Жаттықса, ол сөзсіз әлем чемпионы атанады. Мысалы, мен өте жалқаумын. Былтырғы жазда әлем чемпионатына бару үшін үш ай бойы таңғы 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жаттықтырушыммен үзбей дайындалдым. Бірақ чемпионатта жеңіліп қалдым. Ол маған ауыр болды. Ойынға деген бүкіл құмарлығымды жоғалтып алдым. Бірақ қазір оның бәрі өтті. Қайтадан жаттығып жүрмін. Арманым – бильярд спортынан әлем чемпионы атану.

Менің мотивациям – жеңіс. Жеңілсем, 0:8 немесе 1:8 есебімен емес, 7:8 сияқты тартыспен берілу. Қарсыласыңыз сіздің мықты екеніңізді сезінуі, мойындауы керек. Бір сөзбен айтқанда, алыспай беріспеймін.

Бильярд
Фото: baribar.kz

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!