20 жылдық тәжірибесі бар маман әңгімені қазіргі заманда ауру көрсеткіші қыздарды ерте жастан дендеп келе жатқанынан бастады.

«Қазіргі жастардың көзі ашық, барлық нәрседен хабардар. Бірақ, қыздар бұл мәселеде қатты ұялады. «Ауруын жасырған өледі» деген рас сөз. Қыз бала — болашақ ана. Әр адам өз денсаулығына жауапты болуы керек. Негізі қыздарда 10-12 жаста алғаш рет етеккірі келеді. Демек, бұл уақыт олардың бойжеткендігінің белгісі. Тазалықты сақтаудың алғы шарттарын қызына ең алдымен анасы, жеңгесі айтып түсіндіргені абзал. Қазір аурулардың бәрі жасарып жатыр. Салғырттық танытқаннан түрлі аурулар туындайды», — дейді ол.

Динара Диасқызы
©Baribar.kz

Қыздар арасында гинеколог – жүктіліктен кейін қажет болар маман деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Динара Диасқызы гинекологтар қыздарды қалай тексеретінін айтып берді.

«13-14 жастан бастап қыздар гинеколог дәрігерге келіп, профилактикалық тексеруден өтуі міндетті. Кәмелеттік жасқа толғанша қабылдауды дәрігер қыздың қасында тек анасы болғанда ғана жүргізе алады. Сондай-ақ, қыздың гинекологиялық тұрғыда қандай да бір шағымдары болса, анализ талдамаларын алып, зерттеуге жібереміз. Егер қыздың ары сақталған болса, біз оны ары қарай тексермейміз. Тек жыныс жолдарының сырт жағынан ғана тексеру жүргіземіз. Ал ары сақталмаған болса, арнайы құралдар арқылы қараймыз. Жалпы, мұндай тексерістен қорқудың қажеті жоқ. «Дәрігер қыздық белгісін үзіп жібереді екен» деген жалған сөз. Олай болуы мүмкін емес. Қазіргі таңда медициналық тұрғыдан қыздың арына селкеу түсірмей талдау, зерттеу, тексеру жүргізуге барлық мүмкіндік жасалған. Бұдан бөлек қазіргі кезде УДЗ бар. Сол арқылы да тексерілуге болады», — дейді ол.

Қандай аурулар туындайды?

Әйел адам физологиясында баса назар аударатын деталь – етеккір уақытының тұрақтылығы. Ағзадағы кішкене өзгерістің өзін назардан тыс қалдыруға болмайды. 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін етеккірдің тұрақсыз болуы – қалыпты жағдай. Ал, етеккір циклы толықтай қалпына келген соң уақытын, ұзақтығын бақылауда ұстаған жөн. Мәселен, дені сау әйелдің етеккір циклы 26-35 күн сайын қайталанып отырады. 35 күннен асып кетсе немесе етеккір ұзақтығы 7 күннен көп болса,  дереу дәрігер кеңесіне жүгінуі керек. Мұндай келеңсіздік орын алмас үшін әр ай сайын етеккір күнтізбесін мұқият жүргізіп отырған жөн. Тіпті қажет десеңіз, қазіргі гаджеттер мен смартфондарға мобильді қосымшанығ көмегімен аталған күнтізбені орнатып алуыңызға болады.

Динара Диасқызы
©Baribar.kz

«Тұрмысқа шыққаннан соң қыздардың денсаулығында көптеген проблемалар болып жатады. Мысалы, бізге осыған дейін жыныстық қатынасқа түспеген қыздар келеді. Диагноздарын көрсек, шошимыз. Көпшілігіне «жатыр миомасы» диагнозы қойылады. Бұл — өте көп кездесетін жағдай. Мұндай кезде қыздарды операцияға дайындаймыз. Жатыр миомасы – жатырдың бұлшықеті қабатының айналасында орналасатын ісік. Ісік жатырдың өзінде немесе жатыр мойнында орналасуы мүмкін. Миома  көбіне  үш бағытта өседі: жатыр қуысына қарай, жатырдың сыртына қарай және жатыр қабырғасына. Әрбір ісіктің әсері оның қай жерге өсуіне, көлеміне байланысты түрліше болады», — дейді Динара Диасқызы.

Сондай-ақ, маман «аналық бездің кистасы» диагнозының да жиі кездесетінін айтты. Киста жұмыртқа безінен пайда болады. Ал егер ол өсіп, екінші жұмыртқаға таралса қиын. Ең қауіптісі — бұл қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Сондықтан, қыз балалар әр ай сайынғы циклді қадағалауы керек.

Динара Диасқызы
©Baribar.kz

«Егер мекен-жай ауысса, циклдің кешігуі орынды. Ал бұл ауытқу жиі қайталанса, гармональдық өзгерістерден болады. Бұл — дұрыс емес. Өйткені, мұндай жағдайда киста немесе гармонның мөлшері ауытқыған болуы мүмкін. Сондай-ақ, қазіргі таңда қыздар күнделікті төсеніштерді жиі қолданады. Мұны дұрыс емес деп есептеймін. Олар таңертеңнен кешке дейін ыңғайлы болуы мүмкін. Алайда,  ол вакуум тудырады, ішкі ағзада жараның пайда болуына әкеледі. Мүмкіндігінше қолданбау керек. Алысқа шыққан кезде ғана болмаса денсаулыққа зиянды», — дейді акушер гинеколог-хирург маман.

Маманнан кеңес:

Мына жағдайларда гинекологқа міндетті түрде қаралу қажет:

-15-16 жаста етеккір басталмаса;

-өте ауыртпалы етеккірлерде;

-аса мол немесе ұзақ менструация (7-10 күннен астам);

-тұрақсыз етеккір – кідіріс немесе айына екі рет;

-ашу, қышу, жағымсыз иіс немесе ерекше бөлініс;

-іштің төменгі бөлігінің ауыруы;

-жыныстық акт кезіндегі ауыру немесе қанды бөлініс;

-аяқ асты толып кету немесе арықтау.

Динара Диасқызы
©Baribar.kz

«Қыздардың дерлігі тырысқан шалбар, қысқа белдемше киеді. Тар киім ағзаның дамуына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар, жылы жүрмеудің салдарынан қуықты қабындырып алады. Гинекологиялық аурулардың барлығы жасөспірім шақта басталады. Ата-ананың өзі қызының денсаулығына жауапкершілікпен қарай алмайды. Осы кезге дейін қыз баланы өз бетімен гинеколог-маманның қарауына алып келетін аналарды сирек көремін. Бұл үшін намыстанатындары бар. «Тұрмысқа шақпаған қызын гинекологқа көрсетіп жүргені несі?» деген әңгімелерден қашады. Қыз – болашақ ана. Аталмыш аурулар ағзада бірден пайда болмайды. Олардың дені жас кезде суықтаудан, қуықтың қабынуынан пайда болады. Осыған байланысты қыздарды тиісті маманға тексертіп, қажетті емдерін алғаны жөн», — деп сөзін аяқтады Динара Диасқызы.

Мұғалімдер бұл туралы оқушыларға айтуға ұялады

Психолог Зәурет Қабылбекова қыз баланың санасына жыныстық тәрбиені мектеп кезінен сіңіру керектігін айтты. Сонда ғана ол қоғам үшін “жабық” тақырыптан ұялмай әңгімелеседі.

«Негізінде, қазіргі педагогика оқулығында жыныстық тәрбие туралы бөлім жоқ. Оны көбі ұят санайды. Мұғалімдердің өзі өрімдей балаға мұны қалай жеткіземіз деп оқушыларға мұндайды оқытуға ұялады. Сонда қыз баласы жыныстық тәрбиені қайдан оқып білуі керек? Міне осы жерде оған отбасында анасымен, жеңгесімен сырласу өте қажет. Мектепте осындай тақырыптарда сабақтар өткені жөн. Мұның қыз баласына пайдасы көп», — дейді ол.

Оның айтуынша, қыз баланы ашық әңгіме айтуға, анасынан ештеңе жасырмауға үйреткен дұрыс.

©Baribar.kz

«Сондай-ақ, біз баланы өте қатал тәрбиелейміз. Тәрбиелеу деген осы екен деп тым қаталдыққа салыну да бала жастан қызды жалтақтыққа алып келетінін ұмытамыз. Осыдан барып, қыз өз анасына ойындағысын айтуға жасқанады. Мысалы, алғашқы етеккір келгенін ол анасына емес, алдымен құрбысына, не жеңгесіне айтады. Сол үшін қызды кішкентайынан өзімізге әбден сендіріп, анадан артық жақын адам жоқ екенін ұғындырып өсіруіміз керек. Қыз – болашақ ана, бір әулеттің үлгілі келіні атанатындығын санасына сіңіріп, әйелге үлкен жауапкершілік пен міндет жүктелетіндігін айтып отыру керек»,- деді Зәурет Қабылбекова.

Сұлулықты сақтаймын деп қателікке ұрынбаңыз!

Сұлулық құрбандықты талап етеді. Алайда, әдемі мүсін үшін денсаулықты құрбан етудің қажеті жоқ. ХХІ ғасырдың сұлулық эталоны – жеңіл салмақ, қыпша бел, ұзын аяқ… Идеалды боламын деп өзін тамақтан шектеп жатқандар да жоқ емес. Нормадан тыс диета – гинекологиялық сырқатқа шалдықтырады. 45 килограмнан төмен салмақ дәрежесі денсаулық үшін аса қауіпті. Тамақтану нормасын азайтады, жасанды құсу шақырады, арнайы тамақ сіңіру процессін жоятын дәрілерге жүгінеді. Нәтижесінде салмақпен қоса ағзаға қажетті гормондарын да жоғалтады. Жатырдың тарылуы мен аналық және омырау бездерінің кішіреюіне әкеледі. Бұл дегеніміз, біртіндеп ана атану бақытынан қол үзеді деген сөз. Ең сорақысы – салмақтың дереу азаюының соңы бедеу болумен аяқталады.

Сұхбаттасқан Айзада Жайыққызы, суретке түсірген Айгүл Хожантаева

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

1 пікір

  1. Салеметсіздерме мен қыздық пердемді тексерткім келеді оған не істесем болады

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!