Бұл туралы бүгінгі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік мәселелерін талқылауға арналған Үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта инвестициялар және даму министрлігі басшылық ететін МЖС механизмі бойынша алты жобаны іске асыру пысықталып жатыр. Алғашқы жоба – Үлкен Алматы автокөлік айналма жолы», — деді ол.
Оның айтуынша, тараптар шарттың негізгі талаптарына қатысты ортақ келісімге келген. Енді келіссөздер де аяқталып қалған.
«Шарт жасасуды жылдамдату мақсатында министрлік, консорциум, сондай-ақ Еуропа қайта құру және даму банкі арасында өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Комиссияның сарапшы тобы консорциум, банк, IFC компаниясы және басқа да компаниялармен бірлесе отырып, шарттың соңғы жобасын аяқтап қалды», — деп толықтырды министр.
Қазіргі уақытта концессия саласындағы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр.
«Осы жылдың 5 желтоқсанында концессия туралы шарт жасауды жоспарлап отырмыз. Жобаны мобильдендіру 2018 жылдың бірінші тоқсанында басталады. Бұл жоба бойынша дайындық пен келіссөздер аяқталды. 5 желтоқсанға дейін банкілер несиені аударса, келісімге қол қоямыз. Содан кейін жұмысты мобильдендіру басталады. Сондықтан, жоспарға сәйкес, аталған учаскіде құрылыс жұмыстары келесі жылдың бірінші тоқсанында басталады», — деп қорытындылады ведомсвто басшысы.