Барлық адамға арналған тегін техникалық білім беру бағдарламасы бойынша өңірлерде 1850 ұтқыр топ құрылып, 9-11 сынып түлектеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
«Ағымдағы жылы жоба аясында колледжге қабылдау үштен бірге артып, бағдарлама есебінен қосымша түскендердің саны 21 мың адамға жетті. Бағдарламаға қатысушыларға шәкіртақы, бір реттік ыстық тамақ және жол шығыны қарастырылған. Аталған бағдарламаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлініп, жергілікті бюджетке жіберілді. Жоба аясында, сонымен қатар, қысқа мерзімді курстарда оқыту да жүргізілуде. Ағымдағы жылы 71 мың адамды қабылдау жоспарлануда. Бүгінгі күні қысқа мерзімді оқуға 61 мың адам жіберілді», — деді Ерлан Сағадиев.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Аталған жобамен 15088 адам қамтылып, оның 2300-ден астам өз істерін ашуға және бизнестерін кеңейтуге несие алды», — деді ол.