Аталмыш жарыс спортшылардың спорттық бағдарлау дайындығын дамыту, спорттық бағдарлауды насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыруға тәрбиелеу, республикалық жарыстарға үздік спортшыларды іріктеу мақсатында ұйымдастырылды. Чемпионатқа Көршілес Атырау және Ақтөбе облыстарынан, өзіміздің облыс аудандары (Ақжайық, Бөрлі, Зеленов, Бөкей ордасы, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау, Казталов, Қаратөбе, Теректі, Жаңақала, тек Жәнібектен басқасы) мен Орал қаласынан («Атамекен», технологиялық колледж, №6 ЖОББМ, облыстық туризм және экология орталығының құрамалары) 212 спортшы 16 команда сапында қатысты. Спортшылар 4 қашықтық бойынша сынға түсіп, нәтижесінде жалпыкомандалық орындар төмендегідей бөлінді: I орын — Зеленов ауданының командасына, II орын — Қаратөбе ауданының командасына, III орын — Ақжайық ауданының командасына бұйырды.
Жалпы алғанда, былтырғы жылғы чемпионатпен салыстырғанда спортшылардың дайындық деңгейінің жоғарылағаны байқалды. Жазғы шатырлы лагерде демалып, оқу – жаттығу жиынына қатысқан спортшылар жақсы нәтиже көрсетті. Алдағы уақытта шараның тиімділігін арттыру үшін аудандық жарыстардың ұйымдастырылу және өткізілу деңгейіне назар аудару, үйірмелер санын көбейту, материалдық-техникалық базаны нығайту, спорттық бағдарлау семинарларын өткізу, аудан мектептері базасында жаттығуға арналған полигондар, спорттық бағдарлауға арналған полигондар санын арттыру мен карта жасауды тездетіп қолға алу керек.