Басты бетStartup Weekend...

Startup Weekend жеңімпаздары анықталды

«Алғаш рет Қазақстандағы Стартап туралы біз бірнеше жыл бұрын естідік және содан бері Startup Weekend шарасы елордамызда жиі өткізіле бастады. Онда жүзеге асыруды мақсат еткен инновациялық идеялары бар адамдар жиналады. Алайда жобаны іске асыруға қажет ресурс көлемі әрдайым бола бермейді. Бұл байқауда жеңілгендер болмайды, себебі барлық қатысушылар үлкен тәжірибе жинайды. Біздің мақсатымыз – әлдекімнің идеяларын сынап-мінеу емес, оларды жетілдіруге және қалада іске асыруға көмектесу»,- деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Ақтық Startup Weekend-те идеялары бар адамдар, жобалардың әлдеқайда табысты іске асырылуы үшін оларды түзетумен айналысқан сарапшылар, сондай-ақ жаңа бизнес идеяларға қызығушылық танытқан және уақыттың көшінен қалмайтын адамдар жиналды.

Startup Weekend үш күнге созылып, онда блокчейн технологиялары пайдаланылатын, денсаулық сақтау және білім беру саласы бойынша ондаған жобалар мен көптеген идеялары ортаға тасталды.

Жобаны таныстыруға 3 минут берілді, ары қарай сарапшылар жобаны іске асыруға қатысты пайдалы кеңестерімен бөлісті. Ал жоба авторлары командаға жоба үшін пайдасы тиетін, қажетті білімі бар қатысушыларды тартты. Күш біріктірген командалар нәтижесінде енгізуге анағұрлым дайын жобалар ұсынды.

Үшінші күннің соңында командалар әріптестерге өздерінің жетілдірілген, түзетілген жобаларын ұсынып, әріптестер ары қарай бірге жұмыс жасағысы келетін жобаларды іріктеп алды.

Жобаларды тікелей бағалауға Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова қатысты. Ол қалаға жастардың күш-жігері, қайраты керек екенін атап өтті. Сонымен қатар, «ForteBank» АҚ Басқарма төрағасы Мағжан Әуезов сөз сөйлеп, Startup Weekend Astana-ның ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер ұсынатынын айтып өтті.

Үздік бизнес идеялары сарапшылардан орынды кеңестер алып қана қоймай, мықты команда құрып, 1 000 000 теңге көлеміндегі ақшалай жүлделерді алды. Іс-шара 200-ден астам жас кәсіпкерлердің басын қосты.

Бірінші орынды 400 000 теңге жүлдемен ауруларды болжаудың автоматтандырылған жүйесіне бағытталған «EFF Med control» жобасымен «EFF Med» командасы иеленді. Екінші орынды 350 000 теңге жүлде қорымен блокчейн технологиялары негізінде қауіпсіз құжат айналымын қамтамасыз ететін «DOC-Chain» жобасы алды. Үшінші орын жұмысты оңтайландыруға және құжаттармен жұмыс рәсімін жеңілдетуге арналған смарт-келісімшарттар жасауға мүмкіндік беретін » iChain» жобасына бұйырып, команда 250 000 теңгеге ие болды.

Жоба ұйымдастырушылары: Астана қаласының әкімдігі,
«Астана Innovations» АҚ, MOST бизнес-инкубаторы және БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ). Әріптестер – «Астана» халықаралық қаржы орталығы және «Шеврон» компаниясы.