TEDxAbayStWomen спикерлерінің қатарында танымал блогер Ержан Рашевтің жары италиялық Джулиана Карузо да бар. Ол қазақ қоғамындағы әйелдерге қатысты жағдайларға өзінің көзқарасын білдірді. «Сырт көз — сыншы» дейміз. Спикер қазақ қыздарына қандай қысым жасалып жатыр деп ойлайды?
Джулиана Карузо: Қазақстанға 2011 жылы келдім. Жергілікті халықтың менталитетімен таныстығым таксиде басталды.
Жүргізуші өте ақкөңіл, жылы жүзді адам екен. Ағылшынша жақсы білмесе де, бір-бірімізді түсіндік. Менен қай жақтан екенімді сұрады. «Италияданмын»,- дедім.
— Жасың нешеде?
— 27-де.
— Тұрмысқа шыққансың ба?
— Жоқ,- деп едім, жүргізуші шошып кетті. Оның сол кездегі реакциясы әлі есімде. Осы жасқа дейін күйеуге шықпағаныма алаңдағаны соншалықты, көшеде кетіп бара жатқан бір жігітті көлігіне отырғызып алып, екеуімізді АХАЖ-ға апаратындай көрінді! Қатты ыңғайсыздандым. Бірақ бұл сұрақ осымен тоқтаған жоқ. Одан кейін де бірнеше адамнан естідім.
Бұл — Қазақстанда қыздарға 25 жасқа дейін тұрмыс құрып үлгеру керек деген сөз. Олай болмаса, қоғамның қысымына ұшырайды. Осылайша, жергілікті мәдениетпен ойламаған жерден таныстым. Одан кейін де ата-анасының, әріптестерінің, тіпті такси жүргізушілерінің сөзіне қалмас үшін тезірек күйеуге тиіп кетуді армандаған қыздарды көрдім.
Мұнда қыздар күйеуге шығып, тұрмыс құруды өзгелердің сөзіне қалмау үшін, барлық стандарттарға сай, «есі дұрыс» қыз екенін дәлелдеу үшін өзіне міндет санайды. Бірақ статистикаға қарасақ, әрбір үшінші отбасының ажырасып кететінін көреміз.
Сонымен бірге, мұнда қыздың тазалығына қатты мән береді екен. Қалыңдықтың етегі ашылған болса, оның тәрбиелі, ақылды, әдемі екені екінші орынға түсіп қалады. Пәк емес қыздар үшін бақытты болуға мүмкіндік аз.
Ал Италияда бәрі басқаша. Біз де дінді қатты ұстанамыз. Бірақ қыз таза болмаса, оны тек тәжірибелірек деп санайды. Ешкім оған жеңіл жүрісті қыз деп қарамайды. Осыдан да болар, италиян қыздары қазақстандық қыздарға қарағанда өздеріне сенімді болады. Есесіне Қазақстанда пәктікті хирургиялық жолмен қалыпқа келтіруге сұраныс жоғары екен…
Солайша, тұрмысқа шығасыз, отбасылық өмірге тап боласыз. Сол кезде күйеуіңіз екеуіңіздің қыз-жігіт кездеріңізде байқамаған жаңа қырларыңыз ашыла бастайды. Көзқарасы бірдей адамдар үшін ол уақытша қиындық болады. Қызығушылықтары әртүрлі адамдар да жақсы отбасы бола алады. Тек олардың құндылықтары мен көзқарастары ұқсас болуы керек. Ол не деген сөз? Тұрмыс құру — өміріңіздегі ең маңызды қадам ғана емес. Өмір бойы бірге тұратын адамыңызбен көзқарастарыңыз бірдей екеніне көзіңіз жетуі керек.
Егер танымал адвокат болуды армандасаңыз, күйеуіңіз оған қарсы болмайтынына, әйелдік міндетіңді орындап, тоғыз бала тауып, келген қонақтарды күтіп, үйде отыр демейтініне сенімді болыңыз.
Көптеген қыздар жігітінің үйден шықпай, видеоойындар ойнайтынын уақытша деп ойлайды. Жігіттерде де солай: болашақ жары құрбыларымен түнгі клубтарға барса, ештеңе етпейді дейді. Неге? Себебі екеуі де «үйленген соң, қояды» немесе «қойдырамын» деп ойлайды. Ол дұрыс емес! Қайталап айтайын: отау көтерерден бұрын жұбыңызбен ортақ құндылықтар бар екеніне сенімді болыңыз.
Менің ойымша, ажырасуға тағы бір себеп болатын нәрсе — жас жұбайлардың өміріне ата-ананың араласуы. Бұрын бірге тұрып көрмеген, кейбір қылықтарын енді біліп жатқан адамға бой үйретудің өзі қиын. Оған ата-ана қосылса, жағдай одан сайын күрделене түседі. Өзім куә болған жағдайды айтып берейін: бір таныс құрбым тұрмысқа шықты. Тойдан кейін күйеуі үйлеріне анасының бірер аптаға келетінін айтқан. Бірақ ол үш айға созылады. Анасының қашан қайтатынын сұраған құрбыма күйеуі ренжіген. Әйелі анасын ұнатпайды деп ойлаған. Арада келіспеушілік туған. Соңы немен біткенін сезіп отырған боларсыздар? Иә, ажырасып кетті…
Мен 2014 жылы тұрмысқа шықтым. Алматыға қайтып келгеніме қатты қуандым. Такси тоқтатқанда қандай сұрақтар қоятынын, оған қалай жауап беретінімді ойлап, ризамын. Ішімнен «қой енді сұрағыңды» деп дайындалып отырдым (күліп).
Жүргізуші: Қай жақтансыз?
Мен: Италия.
Жүргізуші: Жасыңыз нешеде?
Мен: 28
Жүргізуші: Тұрмысқа шыққансыз ба?
Мен: Иәәәә!
Жүргізуші: Балаңыз бар ма?
Мен: О, жоқ.
Осылайша, бәрі қайтадан басталды. Бірақ бұл — алдыңғы диалогтан ауыр тақырып. Себебі жүргізуші менің жеке өміріме қол сұға бастады.
«Білесің бе, жасың 25-тен асқан соң, репродуктивті жүйенің жұмысы нашарлай бастайды. Дені сау бала туа алмауың да мүмкін. Бәлкім, күйеуіңнің денсаулығында кінәрат бар болар? Егер мен сенің күйеуің болсам, жыл сайын бала таптырар едім»,- дейді. Мұның қандай сұмдық екенін түсініп отырсыз ба? Бұл — моральдық қысым. Жүрегім қатты ауырды. Сізден неге балалы болмай жүргеніңізді сұрауға ешкімнің құқы жоқ. Ол — жеке өмір, жеке тағдыр…
Бұл жақта тұрмысқа шыққан әйел тездетіп бала табуы керек және тұңғышы ұл болса, тіпті керемет. Бірақ, шындап келгенде, әйелдің таңдауы ескеріліп жатқан жоқ. Мүмкін оның жоспарлары бар болар, кішкене мансап жасап алғысы келетін шығар? Бала деген — аксессуар емес қой. Оның дүниеге келуіне қоғамдық ой-пікір әсер етпеуі керек.
Көптеген 25 жасқа жетіп қалған қыздар өздерін жалғыз сезінеді. Неге? Себебі оның құрбыларының 2-3 баласы бар дегенді есіне салатындар көп. Бірақ естеріңізде болсын: ана болу — басқа адамдардың ойларымен, басқа қыздың тағдырымен санасу емес. Бала махаббат пен бақытты қарым-қатынастан тууы керек. Отбасында бақытты болмасаңыз, шешімді баладан іздеудің қажеті жоқ. «Балалы болсақ, бәрі түзеліп кетеді» дегеннен аулақ болу керек.
Адамдар өз жүректерін тыңдап өмір сүрсе, ажырасудың саны азаяр еді, бақытты, табысты әйелдер көп болар еді, балалар толыққанды отбасында өсетін еді.
Әлемде түрлі мәдениет бар. Қазір жаһандану барлық шекараларды жойып жатыр. Сондықтан, университетті бітірген соң, өзге елдердің мәдениетін, менталитетін зерттеп, өзіңізге керегін анықтауға бір жылдарыңызды арнауға кеңес беремін.
Егер жас кезіңізде балалы болуды қаласаңыз, ана атаныңыз! Егер күте тұрғыңыз келсе, күтіңіз. Бірақ өзіңізді ғана тыңдаңыз және өзіңізден нені қалайтыныңызды үнемі сұрап жүріңіз!
Жазып алған Әсел САРҚЫТ
Оте дурыс айтылган????
Пәктікті хирургия!
Неге, түсінбеймін?