Басты бетЖаңалықтарНью-Йоркте қазақ...

Нью-Йоркте қазақ тілін оқытатын орталық ашылды

Орталық ұйымдастырушыларының бірі Раушан Найзабаеваның айтуынша, шетелдегі қазақ отбасылары ана тілін ұмыта бастаған.

«Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-қа білім алуға келген кезімде балалардың жаңа мәдениетке тез бейімделіп, өз тілін ұмыта бастайтынын байқадым. Себебі, мен баланың анасымын. Балаларымның күн өткен сайын ағылшын тілін жетілдіріп, қазақ тілін ұмыта бастағанын көрдім. АҚШ-та тұратын қазақтардың басты мәселесі де осы. Олардың балалары өз тілін ұмыта бастаған. Сол үшін біз төл тілімізді үйрететін орталық ашуды ұйғардық», — дейді Нью-Йорк Университеті журналистика факультетінің магистранты әрі орталық ұйымдастырушыларының бірі Раушан Найзабаева.

«English to Kazakh» қазақ тілін оқыту жоспарын Колумбия Университетінің студенттері Ақбота Тоқсанбаева мен Айжан Жұматаева дайындады. Ал Нью-Йорк университетінің  студенті Дархан Мұңайтпасов сабақ өтетін орынды жалға алуға көмектескен. Одан бөлек, Қазақ-Америка қауымдастығының төрағасы Қарлығаш Сәрсекеева америкалықтар тарапынан асырап алынған қазақ балаларын да сабаққа арнайы шақырумен айналысады.

Айта кетейік, сабақ барысында тек қазақ тілі емес, қазақтың тарихы мен салт-дәстүрі, мәдениеті туралы көп мәліметтермен толығу мүмкіндігі болады.

ДереккөзMassaget.kz