Қала басшысы Застанционный кентiндегi «Тамаша» монша-кешенiн барып көрдi. «Шанхайдың» тұрғындары үшiн көпсалалы коммуналдық қызмет орталығы бұрын-соңды болмаған жаңалық саналды. Жеке кәсiпкер Жанболат Әсенов ғимаратты толығымен аралатып, ондағы монша, сауна, шаштараз, массаж кабинеттерiн көрсеттi. Ал, екiншi қабатта спорттың жекпе-жек са-йысымен айналысатын секция жұмыс iстейтiн болады. Оған самбодан республикамыздағы тұңғыш спорт шеберi Жолан Әсеновтiң есiмi берiлiптi.
Қала әкiмi жаңа нысанды аралап, онда атқарылған жұмыс сапасына жоғары баға бердi. Әсiресе, моншаны жеке бу қазандығы жылытатындығын ерекше атап көрсеттi. Абылай хан даңғылындағы №5, 7, 9 үйлердiң ауласын жөндеп, абаттандырып жатқан мердiгерлiк ұйымдар: «Кварц», «Құрылыс», «Көкшеавтодор», «Конкурс», «Көкшетау жолдары» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктерiнiң басшыларымен пiкiр алмасу барысында қала әкiмi жоспарланған жұмыстардың мерзiмiнде әрi сапалы атқарылуын мiндеттедi. «Сарыарқа» мөлтек ауданында екi мыңнан астам қылқан жапырақты және басқа асыл тұқымды ағаштар отырғызылмақ. Бұл жұмыспен «Көкше Жәрдем» мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорны айналысуда. Сапар соңында қала басшысы Ермек Боранбайұлы облыс орталығындағы басты құрылыс нысаны 900 орындық жаңа мектепте болды. Iстiң барысымен таныса келе, қала басшысы күн суытпай тұрғанда сырттағы жұмысты тезiрек аяқтап, iшкi әрлендiруге көшудi тапсырды. Қазiр мұнда 100-ден астам адам жұмыс iстегенiмен жұмыс қарқыны әлi баяу. Ол үшiн iшкi резервтер мен мүмкiндiктердi толық пайдаланған жөн.