«Қымбатты Көкшетау қаласының тұрғындары, кәсiпорын және ұйым жетекшiлерi! Халқымызда «Қарты бар ел — қазыналы ел» деген нақыл бар. Үлкенге құрмет, кiшiге iзет көрсету — бiздiң халқымыздың санасына терең сiңген қасиет. Аға ұрпаққа қамқорлық жасау — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың жүргiзiп отырған салиқалы саясатының басым бағыттарының бiрi. Жыл сайын мемлекет тарапынан қарт адамдарға көрсетiлетiн мемлекеттiк көмек түрлерi артып келедi. Ұлы Отан соғысы ардагерлерiнiң тұрғын үй мәселесi де шешiмiн табуда. Бiздiң аталарымыз бен әкелерiмiз соғыс жылдарында қираған шаруашылықтарды қалпына келтiруге, жаңа өнеркәсiп орындарын салуға, жас ұрпақты тәрбиелеуге зор еңбек сiңiрдi. Жарқын болашаққа сенудi, тәртiптiлiк пен әдiлеттiлiктi бағалауды, сабырлылық пен еңбексүйгiштiктi үйреттi. Бiз өмiр сүрiп отырған, еңбек етiп, ұрпақ өсiрiп отырған елiмiздiң экономикалық базасының қалыптасуына олардың белсендi түрде үлес қосқан еңбегi өлшеусiз.
Аға буынның мол тәжiрибесi, сарқылмас даналығы және орасан күш-қуаты әрбiр отбасылық құндылықтар мен дәстүрлердiң сақталуына ғана емес, бүкiл қоғамға пайдалы еңбектi әрi қарай жалғастырудың маңызды факторы болып табылады. Олардың өнегелi iс-тәжiрибесiн жалғастыра отырып бiз де табысқа жетуге ұмтыламыз. Аға буынның қоғамға сiңiрген еңбегiн қастерлеу, беделiн биiктету, сондай-ақ, қарттарға көңiл бөлiп, жан-жақты көмек көрсетудiң шынайы үлгiсi көрiнiс табуы тиiс. Өйткенi, жасы ұлғайған шағында әрбiр қария өзiне бөлiнер көңiлге, мейiрiмдiлiк пен көмекке зәру болады. Тұрмысының жайлы болуына көмектесiп, нақты қолдау жасау — бiздiң парызымыздың азғантай ғана бөлiгi. Ендiгi жерде тек мерекелерде ғана емес, кәсiпорындарда, тұрғылықты мекенжайы бойынша, отбасында, күнделiктi өмiрде қарт адамдарды қамқорлыққа алып, көмек көрсетуге тиiспiз. Баршаңызды 1-31 қазан аралығындағы Егде адамдар мен мүгедектердi әлеуметтiк қолдау айлығын жоғары деңгейде өткiзуге атсалысуға шақырамын. Қарттарға көңiл бөлiп, жан-жақты көмек көрсету сияқты iзгiлiктi шараларға қатысып, олар үшiн осы бiр атаулы күндi ерекше мерекеге айналдырайық», — деді Ермек Маржықпаев.