Эсокул-Тәжікстандағы ұмыт қалған қазақ ауылы

Тәжікстанға қазақтар революциядан кейін келе бастады. Біреулері оқуға немесе жұмыс істеуге келіп, отбасын құрып осында қалып қалса, енді біреулері жер аударылып келгендер. Кенеттен орнаған кеңес билігінен қашпақ болып талпынып, большевиктердің құрығына дәл осы Тәжікстан жерінде іліккендер де бар. Эсокул ауылының ақсақалы Қожамқұл Нұрматовтың тағдыры дәл осындай. Ақсақалдың айтуынша, бай әулеті отар-отар қойы мен үйір-үйір жылқысын большевиктерден ала қашып, Ауғанстанға қарай жол тартқан екен. Бірақ, жете алмаған.

— Жиырмасыншы жылдары әкем Қазақстанның Қызылорда облысынан Ауғанстанға аттанады. Тәжікстанда большевиктер ұстап, малының бәрін колхозға тартып алды, — деп баяндайды ақсақал. — Ол кезде бұл жақта енді жолдар салына бастаған екен, түйелерін құрылысқа жегуге алып кетеді. Әкемнің өзін қара жұмысқа алады. Сөйтіп, осы Тәжікстанда қалып кетті.

Эсокул - Тәжікстандағы ұмыт қалған қазақ ауылы

Қожамқұлдың әкесі жиырма жыл бойы елдің шығысындағы тауларда жол салған. Тәжікстанның Даңғара ауданында тұрды. Кейіннен көрші Жылыкөл ауданында жер аударылған қазақтар тұратынын естиді. Көп ойланбастан Нұрматовтар отбасы жерлестерін қара тұтып, осында көшіп келеді.

Эсокул - Тәжікстандағы ұмыт қалған қазақ ауылы

-Мұнда қалай келдік дейсің бе, — деп еске алады ақсақал. — Мұнда жер аударылғандар көп болды, бәрі қазақ емес. Ауданда он алты ұлттың өкілі тұратын: немістер, шешендер, орыстар, украин, түркімендер — кім жоқ дейсің. Сексенінші жылдары бәрі кете бастады. Қазір, мысалы, біздің ауылда сол кезде жер аударылып келген қазақтардың ұрпағы қалмады. Қыстақтағының бәрі — менің әкемнің ұрпағы, бәріміз туыспыз.

Эсокул - Тәжікстандағы ұмыт қалған қазақ ауылы

Отанды таңдап ала алмайсың

Нұрматовтар Жылыкөл ауданына көшіп келгенде, отағасы биліктегілерден бір-екі түйесін ала кетуге рұқсат сұрайды. Ойлана келе, басшылық келісім береді — кезінде осы қазақ отбасының тәркіленген малы кеңес билігін нығайтуға жақсы көмектескен.

— Әкем үшін ол өте маңызды болды, өйткені, біз — қазақтар, малсыз өмір сүре алмайтын жұртпыз, — дейді Қожамқұл ата. — Өтінішіне құлақ асып, жергілікті биліктегілер екі түйесін жетектетіп жіберіпті. Кейін колхоздар тарап кеткенде, сол екі түйеміздің тұқымын өзіміз сатып алдық. Бірақ, қазір содан бір бас қана қалды, бұл сол баяғы қазақ жерінен келген түйелердің шөбересі болар.

Эсокул - Тәжікстандағы ұмыт қалған қазақ ауылы

Айтқандай, мына түйе осы қазақ ауылының белгісі іспетті. Эсокулға баратын жолды сұраған жолаушыға жол сілтеуші «Түйе тұратын қыстақты ізде» деп жауап береді екен.

Бір кездері Нұрматовтардың аталары осы араға киіз үй тікпек болған екен. Бірақ, шыжыған ыстықтан ба, киізге бит түседі. Сөйтіп, киіз үйді жинап тастауға мәжбүр болған.

Эсокул - Тәжікстандағы ұмыт қалған қазақ ауылы

Ауылда біраз жылдан бері қазақ тілінде оқыту жоқ. Ең жақын мектеп — өзбек мектебі. Жергілікті балалар сонда барып оқуға мәжбүр.

— Соңғы қазақ мектебі кеңес дәуірінде-ақ жабылып қалған, — деп еске алады ақсақал. — Біздің басты қиындығымыз да сол. Қазақша мектеп ашып бер деп талап етпейміз, тым болмаса тәжік тілінде оқытатын мектеп ашып берсе болар еді. Әйтпесе, балаларымыз қайда барады? Өздері қазақ, Тәжікстанда тұрады, өзбекше оқиды… Болмайтын нәрсе ғой!

Эсокул - Тәжікстандағы ұмыт қалған қазақ ауылы

Осы мәселе Эсокулдықтардың туған елі Қазақстанға қарай көшу туралы ойлана бастауына түрткі болды. Қожамқұл Нұрматов бірнеше рет тарихи отанында болып, Орал мен Қостанайға барып ел, жер көріп қайтқан. Алайда, көш сол күйі түзелмеді.

— Біріншіден, ол жата күн суық. Екіншіден, оралмандарға аз-ақ жер береді екен: он сотка ғана. Оның қай жеріне мал ұстаймын? — деп түңіліп отыр ақсақал.

Эсокулда Нұрматовтар әулетінің үлкен шаруашылығы бар: жүздеген бас мал ұстайды, бірнеше гектер бақша салады.

Эсокул - Тәжікстандағы ұмыт қалған қазақ ауылы

— Бұрын мұнда лимон да, жүзім де өсіретінбіз, бірақ бірнеше жылдан бері Эсокулда су жоқ, — дейді ақсақал. — Суды он жеті шақырымдағы Вахш өзенінен тасуға тура келеді. Ол қиын емес, үйреніп кеттік: су таситын көлік сатып алып, айына бір рет цистерналарды суға толтырып қоямыз. Оның үстіне, дәл жанымызға қытайлар келіп жұмыс істей бастады: олар жалға жер алып, мақта өсіреді. Демек, жақын арада су тартады деген сөз.

Сонда да, Эсокулға су келгенін күтіп жүрген ата буын ғана. Жастар жағы елге оралуға мүдделі. Жергілікті жастардың бірнешеуі қазір Қазақстанда білім алып жатыр, ата-аналары оларға сонда қалып, отбасын құрып, ата-баба жерінде тұрыңдар дейді екен.

Эсокул - Тәжікстандағы ұмыт қалған қазақ ауылы

— Тәжікстанды жақсы көремін, менің отаным осы, бізді ешкім кемсітіп, жек көріп, қыспақтаған емес, — дейді мақтанышпен Қожамқұл ата. — Есігіміз әрдайым ашық. Көршілеріміздің де, тәжік болсын, өзбек болсын, есігі бізге әрдайым ашық. Мына мектеп міселесі ғана тыныштық берер емес. Сондықтан, біз, қарттар, осында қалғанымыз қалған ғой, ал жастар тарихи отанына оралып бақ сынасын.

ДереккөзОрталық Азия