«Атырау. Шағын ел» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына биыл 5 жыл болды. Ұйым қызметі жұлын және бас миы зақымданған балаларды емдеу мен сауықтыруға негізделген. Осы уақыт аралығында канистерапия әдісі арқылы әр түрлі сырқатқа шалдыққан 300-ден астам бала ем-домнан өтті.
Ерлан Күмісқалиев енді жылқылардың көмегімен иппотерапия арқылы балаларды емдеуді ниеттеніп отыр. Иппотерапия орталығы Атырауда кәсіпкерлер мен ынталы азаматтардың қолдауымен салынады.
Орталық басшысының айтуынша, жергілікті билік арнайы 5 га жер телімін берген.
«Екі жыл бұрын біздің екі тренеріміз Грузияда біліктіліктерін арттырып, иппотерапевт-инструктордың халықаралық сертификатын алды. Содан кейін жылқылармен емдеу орынын ашуды жоспарладық. Жергілікті билік 5 га жер телімін берді, енді кәсіпкерлер мен қайырымды жандардың көмегімен иппотерапия орталығының құрылысы басталды, — дейді Ерлан Күмісқалиев.
Айта кетейік, орталық құрылысы Атырау қаласының маңындағы Ақжар ауылында бой көтерді. Келер жылдың көктемінде аяқталады деген жоспар бар.