Өзім 1-4 сынып аралығында Жымпиты орта мектебінде латынша оқыдым. Бала кезімде «Батырлар жырымен», Абайдың өлеңдерімен, есейгесін Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалау» («Ботагөз» романы), «Адасқандар», Ғабдол Слановтың «Дөң асқан» сынды туындыларымен осы тілде таныстым. Сол кезде бізге бұл графика өте қолайлы болды. Қазақтың әрбір дыбысына, әсіресе ең жиі қолданылатын «ы», «і», «қ», «ғ», «ң», «ж» дыбыстарын өз алдына жеке-жеке таңбалап берген әліппе болды. Сонымен оқып, ешқандай зиянын көрген жоқпыз, қара танып, қаріп жазып сауаттандық. Латынға көшу мәселесін дұрыс-бұрыс деп, таласып, дауласудың қажеті жоқ. Дұрыстығы әлдеқашан дәлелденген. Оны қайталап айта бермеу керек. 32 дыбысты талдау қиын болмас. Біз енді сол әріптерді қалай дұрыс жазамыз деген мәселе төңірегінде ойлануымыз қажет. Кириллицаға көшкен кезде кейбір әріптерге қатысты біраз жыл айтыс-тартыс болды. Сондай пікірталас латын әліпбиіне қатысты бүгін де қызып тұр. Менің ойымша, бұл құр даурығу емес, нағыз ғылыми талдаулар, ғылыми ізденістер бағытындағы пікірталас болуы тиіс. Елбасы латын әліпбиіне қатысты Жарлыққа қол қойды. Енді келесі оқу жылынан бастап 1-сынып оқушыларын осы әліпби бойынша үйретуді бастау керек деп есептеймін.
Өзім де бұл мәселеден тыс қалғым келмейді. Сол себепті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дайындап жатқан кітабымды латын қарпімен бастыру ойымда бар. Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қорында бұрын латынша жазумен шыққан кітаптар барын білетінмін. Солардан кітап көрмесін ұйымдастыру жөнінде кітапхана басшыларына ұсыныс айттым. Таяуда бұл шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты. Бәрі де латын әліпбиін қолдап отыр. Бұл өзіміздің тарихи тамырымызға оралуға үлкен-кішіміздің бірдей пейілді екенімізді көрсетеді. Жалпы алғанда біз қазақ тілін латын әліпбиіне көшіре отырып, әлемдік мәдениетпен етене араласып, қазақ тілін кеңінен танытатынымызды ұмытпауымыз қажет.
Жайсаң АҚБАЙ, өлкетанушы, Орал қаласы және Сырым, Бөкей ордасы, Қазталов аудандарының құрметті азаматы