Министрліктің ақпараты бойынша, 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы — еңбек зейнетақысы — 8%, ал міндетті зейнетақы мен басқа да жәрдемақы түрлері — 6%-ға өседі.
Соның ішінде базалық зейнетақы тағайындау әдісіне өзгеріс енгізілмек. Қазіргі кезде базалық зейнетақы төленгенде адамның еңбек өтілі ескерілмейтін болса, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтіліне қарай тағайындалады.
Светлана Жақыпованың айтуынша, адамның 1998 жылы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі ғана емес, сол жинақтау жүйесіне қатысу мерзімі де ескеріледі.
«Мысалы, азамат келесі жылы зейнеткерлікке шығады. Оның еңбек зейнетақысы 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 20 жылды құрайды және 15 жыл бойы үзіліссіз міндетті зейтнеақы жарнасын жинақтаушы зейнетақы қорына аударып отырады. Мұндай жағдайда еңбек өтілі 35 жылға тең. Әдістемеге сәйкес, азаматтың еңбек өтілі 10 жыл және одан кем жағдайда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы мөлшерінде белгіленеді», — деді вице-министр.
Ал 10 жылдан артық жұмыс жасағандарға әрбір жыл үшін 2 пайызға ұлғайтылады. Еңбек өтілі 35 жылдан асқан еңбеккерлерге 100 пайыз, ал 20 жылдық еңбек өтілі барларға 74 пайыз базалық зейнетақы тағайындалады.
Елімізде базалық зейнетақы алатындардың саны — 2,139 млн. Солардың 44,1%-на, базалық зейнетақының мөлшері екі есеге артады. Қазіргі уақытта олар 14 466 теңге алатын болса, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап аталмыш сома 28 274 теңгені құрайтын болады.
Бұл әдістеме орташа зейнетақы алып жүрген көп жылдық еңбек өтілі бар зейнеткерлердің мәселесіне шешім бола алады.
Сонымен қатар, 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі өзгереді. Бүгінгі күні ең төменгі күнкөріс деңгейі — 24 459 теңге. Құрылымның өзгеруі аталған деңгейді 16%-ға өсіре алады. Осылайша, бюджетке түсетін салмақ пен адамның зейнетақы жүйесіне қатысуы арасындағы тепе-теңдік орнатылады. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 284 теңгені құрауы ықтимал.
Вице-министрдің айтуынша, барлық зейнетақы төлемдері әрқашан инфляция деңгейінің 2% қалпына келтіру құнымен есептеледі.
«Егер өткен жылдары ресми статистика бойынша инфляция деңгейі 7% болса, біз зейнетақыны 9% қалпына келтіру құнымен есептедік», — деді Светлана Жақыпова.