Германияның Бад-Херсфельд қаласында пошташы роботты сынақтан өткізу жұмыстары басталды.
Енді салмағы 150 келіге дейінгі ауыр сәлемдемелерді «Пост Бот» атты құрылғы тасиды. Оның биіктігі – 1 жарым метр. Құлтемір арнайы датчиктердің көмегімен пошташы адамдардың соңынан жүріп отырады. Ол жол шетіндегі бордюрлерді оңай еңсереді, алайда баспалдақпен көтеріле алмайды екен. Соған қарамастан әріптестері пошташы роботтың көңілдерінен шыққанын жасырмайды.
«Бізде жүк көтергіштігі 40-45 келі болатын арбалар бар. Оларды 4-5 сағат бойы сүйреп жүру оңай емес. Алайда қазір бұл ауыр міндеттерді робот атқарады. Осындай тамаша құрылғының арқасында өміріміз айтарлықтай жеңілдеп қалды»,- дейді пошташы Синди Рексродт.