Алматылық ғалымдар латын әліпбиіне көшудің алғышарттарын талқылады

Шара қатысқан қоғам қайраткерлері, ғалымдар, тіл мамандары қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасының келешегін талқылады.

«Қазіргі таңда әлемдегі жаңа өнертабыстар, технологиялық прогерсстер, ғылыми зерттеулердің 90 пайызы латын әріптерінде жарияланады. Латын әліпбиіне көшу арқылы ағылшын тілін тез үйренеміз, мәтіндерді түсіну оңай болады. Егер бүкіл әлемге ашық болғымыз келсе, дамыған елдерге түсініктірек әліпбиге көшкеніміз дұрыс. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымындағы көптеген елдер де латын графикасын қолданады. Осының арқасында инвесторларды тартып, еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасаймыз. Біз үшін ол — әлемдік экономикамен тезірек біте қайнасуға мүмкіндік беретін құрал»-деді ҚР Бейбітшілік қорының басшысы Қазыбек Шайх.

Қор басшысының айтуынша, латын әліпбиіне көшу көп шығынды қажет етеді десек те, соның арқасында жаңа жұмыс орындарының пайда болады. Аудармашыларға, адамдарды жаңа әліпбиге үйретудің әдіснамасын құрастырушыларға, баспа мамандарына деген сұраныс артады.

«Бұған дейін біздің қоғамда латын әліпбиіне өтеміз бе, жоқ па деен мәселелен талқыланып келсе, ендігі жерде латын әліпбиін енгізудің тиімді жолдары әңгіме өзегіне айналмақ. Яғни, пікірталастың өзі интеллектуалдық деңгейге көтеріледі деген сенімдемін. Ол үшін әрне еліміздің көшін бастаған ұлт зиялылары мен қоғам қайраткерлері бұл тұрғыда белсенділік танытады деген ойдамын»,-деді саясаттанушы Ерлан Саиров.

Өз кезегінде «Kazinform»  халықаралық агенттігінің бас директоры Асқар Омаров жаңа әліпбиді халыққа үйретуде журналистердің де атқарар рөлі зор екенін айтты.

«Ендігі кезекте соған қалай дайындалу керектігімізге көбірек көңіл бөлу қажет сияқты. Қазақ тілінің морфологиялық принциптері қалай өзгереді, сөздердің айтылуы мен жазылуында не өзгеріс болады деген сияқты  сауалдармен ғалымдар айналыса жатар. Ал біз өз күшімізді біріктіріп осы мерзімде  көп жұмыстар атқаруымыз керек. Аз уақыт бұрын «Қазақпарат» ақпараттық порталында осындай бір жобаны қолға алдық. Осылайша, күніне бір жаңалықты жаңа әліпбимен шығарамыз. «Егемен Қазақстан» газеті де басылымның әр санында өлең шумақтарын латын әліпбиімен оқырманға ұсынып жүр. Бұл халықтың көзін үйретуге, сауатын арттыруға зор септігін  тигізетін бастама  деп есептеймін», – деді  Асқар Омаров.

Сондай-ақ, Қоғамдық кеңесте латын әліпбиін енгізу жолында қоғамның алдаңдауына ешбір негіздің жоқтығын, жаңа әліпби Елбасының өзі айтқандай кезең-кезеңімен әрі жүзеге асатындығы, жаңа әліпбиді қолданысқа енгізу жолында компьютерлік тұрғыдан ешқандай қиындықтар туындамайтындығы тілге тиек етілді.

Айта кетейік, шараны ұйымдастыруға Алматы қаласы Ішкі істер басқармасы ұйытқы болды.