Ғосмин Әмриннің айтуынша, Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы мәселе бұрыннан бар.
«Бұл мәселе бүгін ғана пайда болған жоқ. Өткен жылдары да қырғыз тарапымен бірнеше рет талқыланған. Еуразиялық экономикалық комиссияға ерекше тапсырма беріліп, олардың баяндауы бойынша қырғыз тарапының кеден саласына қатысты кемшіліктері мен бұзушылықтары дәлелденген. Ол анық. Демек, бұл Қазақстанның өздігінен шығарып алған шешімі емес. Ендігі кезекте мұны шешудің қандай жолы бар? Ол — Қырғыз Республикасының кеден қызметімен бірлесе жұмыс атқару», — дейді Ғосман Әмрин.
Комитет төрағасының орынбасарының айтуына қарағанда, Қазақстан тарапынан Қырғыз Республикасына бірнеше мәрте ұсыныс жолданған.
«Өткен жылы Үкіметтің тапсырмасымен Қырғызстанға барып, нақты қандай мәселе барын айтқан едік. Осы жылы бұл мәселені қайтадан көтеріп отырмыз. Жағдай өзгерген жоқ. Бәрін де кедендік ережелер мен талаптарды жіпке тізгендей айтып, көріп отырмыз десек те, нәтиже оң болған жоқ. Олар: «Иә, қарайық, жұмысты күшейтейік. Контрабандаға жол бермейік»,- деп айтқан. Оған бәрі келіседі. Ендігі кезекте де жұмыс бойынша келісіп, бірге бәрін реттейік деп, жауап күтіп отырмыз», — дейді ол.
Ғосман Әмрин аталған мәселені шешудің үш жолы бар екенін айтады:
- тауардың құны екі жаққа да бірдей болуы керек. Салықтары бірдей болуы тиіс;
- кеден бойынша барлық тарапқа бірдей қарау және бірлесе жұмыс атқару;
- қандай тауарлар қашан, қандай бағамен келгенін салыстыру үшін екі ел ақпарат алмасып отыруы керек.
«Тағы да айтарым, бауырлас ел болғандықтан, бұл мәселені бірлесе шешуге тырысуымыз керек. Келіспейтін болса, біз бақылау жұмысын күшейте береміз», — дейді Ғосман Әмрин.