Ko′ks′e телеарнасының жаңа маусымдағы презентациялық кездесуі өтті

Облыстық телеарна ағымдағы жылдың 30 қарашасынан бастап жаңа теледидарлық форматта, жаңартылған мазмұнмен хабар тарата бастады. «Көкше нұры», «Көкше ақпарат», «Индекс», «Әлеумет», «Ауылым – алтын бесігім», «ДАМАфон» және тағы да басқа ақпараттық, саяси, танымдық, әлеуметтік бағдарламалары жалғасын табатын болады.

Бүгінгі күні телеарна ұжымының саны 90 адамды құрайды. Ал ақпарат таратулары тәулігіне 17 сағатқа дейін жеткен.

Кездесу барысында Қазақстан Республикалық телерадио корпорациясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ләззат Жүнісова корпорацияның құрамына 3 телеарна, 4 радиостанция, 14 өңірлік телекомпания кіретіндігін атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта телеарналар табиғи-географиялық, тарихи атауларға ие болатындығын айтты.

Ақмола облыстық «Ko′ks′e» телеарнасының директоры Әлібек Татанов: «Бүгін Қазақстан ұлттық арнасы үшін және өңірлік телевизия үшін маңызды күн. Жаңа телевизия маусымының ашылуы отандық телевизияның дамуына жаңа серпін бермек. Биылғы 2017 жыл қазақ телеарнасы үшін тарихи жыл», — деді сөзінде.

Өңірлік журналистер үшін телеарна жанында кітапхана мен мұражай ашылатындығын атап кетті. Сондай-ақ, жаңғырған телеарнаның дамуына жан-жақты қолдау білдіріп отырғандары үшін корпорация басшылығына, басқарма төрағасы Ерлан Қаринге, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалинге телеарна ұжымының атынан алғысын білдірді.

«Ko′ks′e» арнасының ұжымын жаңа маусыммен ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Архат Айбабин және Ақмола облысы ардагерлер қоғамының төрағасы Ғосман Төлеуғұл құттықтады.