Фестивальді өткізудегі басты мақсат шығармашыл жастардың бір-бірімен араласуына жағдай жасау, сондай-ақ олардың арасынан дарындыларды анықтау болды,-дейді байқауды ұйымдастырушылар.
Шығармашылық фестиваль аясында Көкшетау, Степногорск және Щучинск қалалары мен облыстың аудандарынан келген қатысушылар өз өнерлерін ортаға салып, жанды тебірентер әндерімен, тамаша билерімен көрермендердің көңілін көтерді. Қазылар алқасы вокал, ыммен ән айту, хореография, көркем сөз, аспапты және декоративті-қолданбалы шығармашылық аталымдары бойынша және спорттық сайыстардан үздіктерді анықтады. Бурабайлық Асқар Әсенов қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан бірінші жүлделі орынға ие болған жеңімпаздардың бірі.
Байқау қорытындысы бойынша әр аталымнан үздік атанғандар дипломдармен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал, фестивальге қатысқан барлық өнерпаздарға арнайы сертификаттар табысталды. Айта кетейік, фестивальдің бас демеушісі мүмкіндігі шектеулі жандар мәселелері бойынша облыс әкімінің кеңесшісі, «Шанс» серіктестігінің жетекшісі Василий Шиманский болды.