Басты бетЖаңалықтарАқмола облысында...

Ақмола облысында әдеп кеңесі тәртіпке шақырады

Аталмыш шаралар балабақшадан бастап, мектептерде жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Бүгінде Ерейментау аудандық әкімдігінің жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәртіптік комиссия құрылған. Үш тоқсанда жасалған жұмыс қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы орган, сәулет және құрылыс бөлімі мен жұмыспен қамту бөлімінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасында мониторинг жүргізілген. Жалпы ауданда, жүргізілген тексеріс нәтижесіне сай, бірқатар кемшіліктер орын алған.

Бұдан бөлек, жиын барысында Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Оспан Омаровқа қатысты тәртіптік іс қаралды.  Ішкі мемлекеттік аудит департаменті жалпы құны 542 миллион теңгені құрайтын электр фильтрлерінің қосымша бөлшектерін жеткізу және ауыстыруға қатысты «Көкшетау жылу» мекемесінің өткізген электрондық байқауына камералық тексеріс жүргізген. Алайда камералық бақылауды сапасыз өткізгені анықталған. Осылайша, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50 бабының 1-тармағының 4-тармақшасындағы талаптардың бұзылғаны, яғни жеке және заңды тұлғаларға шешім қабылдауда заңға қайшы қолдау көрсеткені анықталған.

Осылайша, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшінің әдебін бұзған Оспан Омаровқа аталмыш мәселеге қатысты тиісті бақылау жүргізбегені үшін қатаң сөгіс беруді ұйғарды. Бұдан бөлек, кеңестің отырысында Ақмола облыстық ветеринария басқармасы мен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшыларының есептері тыңдалып, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің тарапынан жемқорлықтың алдын-алу және оны болдырмау, қызметтік этика нормаларының бұзылуына жол бермеуге қатысты шараларды әлі де болса жақсартып, көңіл бөлу қажеттігі алға қойылды.