Ведомство басшысының сөзінше, келесі жылы министрлік бұл мақсатқа 56 миллион теңге сұрап отыр.
«Бұл үлкен жоба, оған айтарлықтай қаржы керек. Қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан 2018 жылға біз 56 миллион теңге сұрап отырмыз», — дейді министр ОКҚ-дағы брифинг кезінде.
Ол жаңа әліпби сатылай енгізілетінін еске салды.
«Біріншіден, үкімет жұмыс тобын құрады. Екіншіден, орфографиялық-лингвистикалық комиссия құрылады. Латын графикасының негізінде жаңа орфографиялық ережелер және қазақ тілінің үлкен орфографиялық сөздігі жасалады. Үшіншіден, нормативті-құқықтық база қажет», — деп түсіндірді министр.
Оның айтуынша, осы міндеттер атқарылғаннан кейін ғана оқу-әдістемелік құралдарды, көркем және басқа да қажетті әдебиеттерді дайындау мен басып шығаруға кірісу керек.
«Әрине жаңа әліпбиді қоғам арасында БАҚ арқылы ілгерлетеміз. Сонымен қоса, жаңа әліпбидің қолдану аясын кеңейту үшін жарнамада қолдану қажет. Арнайы үйренетін портал мен конвертер жасау керек», — деп аяқтады министр.