Басты бетАқмолалықтар Виктор...

Ақмолалықтар Виктор Зайбертті 70 жылдық мерейтойымен құттықтады

Шараға облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Зейнолла Самашев, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы К.Ақышев атындағы археология ғылыми зерттеу институтының директоры Марал Хабдулина, ҚР Білім және ғылым археология институтының профессоры Жолдасбек Құрманқұлов, философия ғылымдарының докторы Ілияс Сүлейменов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Аманбай Сейтқасымов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Өз кезегінде Айна Мысырəлімова ел тарихына ғалымның қосқан еңбегін айта келе, Ақмола облысы әкімінің  Алғыс хатын тапсырды.

Айта кетейік, Виктор Зайберт Қазақстанға емес, сондай-ақ әлемдік ғылыми қауымдастыққа танымал ғалым. Оның Солтүстік Қазақстанның ежелгі тарихы мен археологиясы бойынша 100-ден астам монографиялар мен ғылыми мақалалары жарық көрген. Ғалым өмірінің 40 жылдан астам уақытын Қазақстан және бүкіл Еуразия континентінің ежелгі тарихын зерттеуге жұмсаған.  Дүние жүзінде бірінші болып, Солтүстік және Орталық Қазақстан далаларында б.э.д. IV ғ. жылқы малының қолға үйретілгенін ғылыми түрде дәлелдеген.

Бүгінгі күні ғалым археологиялық коллекциялары қазақстандық музейлердің (ҚР Ұлттық музейінің, Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музейнің, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысы тарихи-өлкетану музейлерінің) экспозицияларында көрініс тапқан  Еуразияның алғашқы жылқы өсірушілер қонысы — әлемдегі бірегей Ботай археологиялық елді мекенінде еңбектенуде. Ботай мәдениеті ежелгі адамның алғаш рет жылқыны қолға үйреткендігімен әлемге әйгілі.

Виктор Зайберттің шәкірттері өзалдына марқасқа ғалымдар дәрежесінде болғанымен, бұрынғыша «ҚР тарихи-мәдени мұрасын зерделеу және сақтау» мемлекеттік бағдарламасы бойынша зерттеу жұмыстарына бағытталған командада бірлесе жемісті еңбек етуде. Археологиялық ескерткіштер туралы материалдары жарық көруде, нысандарды қорғау, оларды бақылау жұмыстары жүргізілуде, тарихи-мәдени мұраны туристік индустрияда пайдалану бойынша жобалар әзірленуде.