Басты бетАқжайық жастары...

Ақжайық жастары қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын талқылады

Форум жұмысына облыс аудандарынан және елімізге танымал зиялы қауым өкілдері, тарихшы-ғалымдар, блогерлер мен белсенді жастар қатысса, олардың қатарында, ақын, Халықаралық Шабыт фестивалінің лауреаты Қалқаман Сарин, әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ибрагим Ескендір де бар.

Форум пленарлық отырыспен басталып, секцияларда өз жұмысын жалғастырды. Секциялардың бірінде қазақ әліпбиінің жаңа форматы талқыланды. Дәл осы жерде жастар өкілдері латын әліпбиінің жаңа нұсқасына қолдау білдірді.

Сондай-ақ, форум қатысушылары мен делегаттары «Алаш» музейі жұмысымен танысып, Ж.Досмухамедов атындағы жалпы білім беретін мектебімен танысып, еліміздің аумағында алғаш салынған Алаш паркінде Алаш Орда зиялыларына арналған ескерткішке тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйі қызметкерлері атаулы шараға орай өңір тарихынан сыр шертетін «Жанша» қойылымын қойды.

Форумның арнайы қонағы, ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қалқаман Сарин:«Еліміздің тарихына тағзым ету бағытында біз бабаларымызға әлі де қарыздармыз. Олардың тәуелсіздік жолында дінімізді, тілімізді, дәстүрімізді, жерімізді және еліміздің тұтастығы үшін күрескені жолында біздің алатын сабағымыз мол. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Ол жаңа технологияның тілі» деп өз пікірін білдірсе, өз кезегінде әнші, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ибрагим Ескендір: «Мағжан сенген жастар ешқашан осал болмауы қажет. Бізге беріліп отырған мүмкіндікті пайдаланып, рухымыз биік, арманымыз асқақ болуы қажет» – деп пікірін ортаға салды.

Форум «Жас Отан» Жастар қанатының Батыс Қазақстан облыстық филиалының және «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Батыс Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өткізілді.