Көк тағыларының көркем сайысын ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырып отыр. ҚР Спорт және денешынықтыру істері комитетіне қарасты ұлттық спорт басқармасының саятшылықтан бас жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлының айтуынша, 28-29 қазан күндері өтетін турнирде оннан астам облыстан келген бүркітшілері бақ сынасуда.
Бүркітшілер атап айтқанда, «қолға қондыру», «шырға салу», «қоян алу», «түлкі алу» және «қасқыр алу» түрлері бойынша өзара бақ сынасады. Республикалық турнирдің алғашқы күні сайыстың 25 бүркітші көк тағыларымен «қолға шақыру» және «шырға салу» түрлері бойынша сынға түсуде. Ауқымды сайыстың ашылу салтанатын ертең өткізу жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, республикалық деңгейдегі Бүркітшілер сайысы Қазақстанда биыл осымен бірнеше мәрте ұйымдастырылып отыр. Жыл басында Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында құсбегілер ХІ рет ұйымдастырылған ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының жүлделерін сарапқа салған болатын. Оның ізінше Алматы облысында 9-11 ақпанда сол өңірдің атақты бүркітшілері ӘбенТоқтасынұлы мен Сейітжан Байжүнісұлын еске алуға арналған республикалық турнир, бұдан кейін 17-19 ақпанда Атырау өңірінде «Қансонар-2017», 21-23 ақпанда Ақтауда «Сонар-2017» атты саятшылардың республикалық жарыстары ұйымдастырылған еді.