Басқосуға еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті аумақтық департаменттерінің директорлары, жергілікті атқару органдардағы жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының басшылары, өзге де мүдделі тараптар қатысты. Күн тәртібіндегі басты тақырып ретінде атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) жаңа сипатын қолданысқа енгізу, базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесін өзгерту және өзін жұмыспен қамтыған тұрғындар тобымен жұмыс жайлары талқыланды.
Министрдің айтуынша, арнайы мемлекеттік жәрдемақы секілді 3 әлеуметтік төлемнің орнына бірыңғай жәрдемақы төленеді
«Егер қазіргі таңда АӘК табысы күнкөріс деңгейінен 40% төмен адамдар мен отбасыларға қаржылай көмек ретінде берілетін болса, жаңа жылдан бастап жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен 50% төмен отбасыларға берілетін болады. Сонымен бірге, жаңа сипаттағы АӘК — қазіргі таңдағы АӘК, балалар жәрдемақысы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы секілді 3 әлеуметтік төлемнің орнына бірыңғай жәрдемақы түрінде төленеді. Ең басты ескеретін жайт, жаңа АӘК мөлшері жоғарыда аталған 3 түрлі жәрдемақының жалпы сомасынан жоғары болады. Осылайша, жаңа АӘК тек қана қаржылай жәрдемақы ғана емес, кедейлік деңгейінен шығудың кешенді шарасы болмақ. Жәрдемақының қолжетімділігі мен бизнес-процестерді оңтайландыру мақсатында жұмысты бір терезе жүйесімен жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүргізу ұсынылады», — деді министр.
Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, ынтымақты зейнетақы 8 пайызға өседі. Базалық зейнетақы, басқа да жәрдемақы түрлері сияқты, 6 пайызға көбейеді. Осы арқылы, базалық зейнетақыны ескергендегі зейнетақының төменгі мөлшері келесі жылы 49 019 теңгені құрап, орташа дәрежесі 71 333 теңге болмақ.