Ақмола облыстық сотының судьялар кеңесінде облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров аудандық және оларға теңестірілген соттардың жаңа тағайындалған төрағалары мен судьяларды таныстырды.
ҚР соттарының төрағаларын, сот алқасының төрағасы мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 20 қазандағы № 564 Жарлығымен Ақкөл аудандық сотының төрағасы қызметіне Жандос Жетібаев, Бұланды аудандық сотының төрағасы қызметіне Олжас Сүлейменов, Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы қызметіне Бауыржан Әлжанов, Ақмола облыстық сотының судьясы қызметіне Замира Смағұлова және Степногорск қалалық сотының судьясы қызметіне Елена Медведева тағайындалды.
Облыстық соттың төрағасы тағайындалған төрағалар мен судьяларды құттықтап, жұмыстарына табыс тілеп, сот төрелігін сапалы іске асырып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге тапсырма берді. Кеңестен кейін Досжан Әміров Ақкөл, Бұланды аудандық және Степногорск қалалық соттарына барып, тағайындалған төрағалар мен судьяларды сот ұжымдарына таныстырды. Облыстық соттың төрағасы жаңа тағайындалғандарға тиісті тапсырмалар берді.