Басты бетЖаңалықтарАқмола облысының...

Ақмола облысының әкімі ардагерлерге мерекелік дастархан жайды

Астанадағы «Аққу» мейрамханасында ұйымдастырылған шарада соғыс және еңбек ардагерлерін құттықтаған өңір басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан аға ұрпақ өкілдеріне барынша қамқорлық жасалып отырғанын айта келе, бұл мәселенің жергілікті биліктің де үнемі назарында екендігіне тоқталды.

«Бүгінгі еліміздің көркейіп-гүлденуі, ұрпақтарымыздың шат-шадыман, бақытты тұрмысқа кенелуі, әрине, аға ұрпақтың маңдай терінің, елге сіңірген еңбегінің жемісі. Еліміздегі іргелі облыстың əлеуметтік-экономикалық дамуы сіздердің еңбектеріңіз. Сондықтан сіздерге ұдайы қамқорлық көрсете береміз», -дей келе, облыс әкімі барлық ардагерлерге гүл шоқтарын және ақшалай сый-сияпат тапсырды.

Өз кезегінде ардагерлер де мерейлерін өсірген облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Олардың арасында ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынығы депутаты, педагогика саласының ардагері Зəуре Қадырова, облыстың бұрынғы әкімі Сергей Кулагин, бұрынғы Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Қасым Таукенов сияқты бірқатар ардагерлер болды. Өңір ардагерлерін құттықтау шаралары қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында әрі қарай жүзеге асырыла бермек.