Күн тәртiбiнде қаралатын мәселелерге тоқталған қала басшысы барлық салалар тоғыз айды ойдағыдай қорытындылап отырғанымен, көңiл көншiтпейтiн тұстардың да барлығын жасырмады.
Экономика және бюджеттi жоспарлау бөлiмiнiң жетекшiсi Гүлмира Шұқатова әр салаға жеке-жеке тоқталды. Оның айтуынша, осы уақыт iшiнде қалада 72,1 миллиард теңгенiң өнiмi өндiрiлдi. Үстiмiздегi жылдың тоғыз айында облыстың әлеуметтiк-экономикалық дамуында оң өзгерiстер байқалады. Атап айтқанда, «Камаз-Инжиниринг», «Тыныс», «Новопэк», «ЕНКИ», «Ақмола Бидай», «Натур Продукт», «Регионстрой», «Көкшетау нан зауыты» сияқты кәсiпорындарда айтарлықтай өсiм бар.
Алайда, өнеркәсiп өнiмiнiң үлкен үлесiн шығаратын iрi кәсiпорындарда өндiрiс қарқынының бәсеңдегенi байқалады. Мәселен, «Көкшетау минералды сулары» акционерлiк қоғамында алкогольдi өнiм өндiрiсi 43,9 пайызға кемiген. Бұған акциздiк төлемдердiң көтерiлуi себеп болып отыр деп түсiндiрдi Г.Шұқатова.
Сондай-ақ, «Көкше» АҚ, «Молоко Синегорья» ЖШС, «Ақсай нан Көкшетау», «Agrimer-Astyk» сияқты кәсiпорындарда да өндiрiс көлемi азайған. Қала әкiмi кәсiпкерлiк бөлiмiне жұмыс қарқынының бәсеңдеу себептерiне жан-жақты талдау жүргiзудi, инвестжобаларды жүзеге асыруда сала басшыларына сылбырлық танытпай, белсендi жұмыс iстеудi қадап тапсырды.
Шағын және орта бизнес субъектiлерiнен бюджетке 8,9 миллиард теңгенiң түсiмi түскен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 есеге артық. Кәсiпорындардың тұрақты жұмысы индустриялық салада өсу қарқынын қамтамасыз етуге мүмкiндiк берiп отыр. 329 жаңа жұмыс орындары ашылған. Жылдық жоспар 54,3 пайызға орындалған. Алайда, жыл аяқталуға үш ай ғана мерзiм қалғандықтан, бұл көрсеткiштi одан әрi жоғарылатып, қол жеткен белестерге мықтап табан тiреудi көздеу керек екендiгiн айтқан қала әкiмi бiрқатар ведомство басшыларына тапсырмалар жүктедi.
Қалада баспана мәселесi де бiртiндеп оң шешiмiн тауып келедi. Құрылыс саласында көлемдi жұмыстар атқарылуда. Ондағы өсу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда едәуiр артқан. Тұрғын үй құрылысы бойынша пайдалануға берiлген тұрғын үйдiң жалпы алаңы 134,4 мың шаршы метр. Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында құрылыс саласындағы жұмыс көлемi 12,0 миллиард теңгенi құрады. Қаржы бөлiмiнiң жетекшiсi Гүлнар Құсайынованың айтуынша, қала қазынасына 13257,4 миллион теңге кiрiс түсiп, 101,1 пайызға орындалған. Жоспар 125,1 миллион теңгеге артық орындалған. Жоғары көрсеткiшке жер телiмдерiн сатудан түскен түсiм есебiнен қол жеткiзiлген. Бюджеттiң шығыс бөлiгi 99,5 пайызға орындалған. Осы уақыт iшiнде 112,6 миллион теңге игерiлмеген. Қала әкiмi сала басшыларына жыл соңына дейiн бөлiнген қаражатты толығымен игерудi қадап тапсырды. Г.Құсайынова кәсiпорындардың дебиторлық, кредиторлық қарыздары жайлы айтып өттi. «Көкшетау Жылу», «Көкшетау Су Арнасы» кәсiпорындарының жетекшiлерiне нақты тапсырмалар жүктелдi.
Күн тәртiбiндегi негiзгi мәселелерден кейiн шаһар басшысы Ермек Маржықпаев өзектi мәселелер — күнделiктi қала тазалығы, жылудың, жарықтың үздiксiз берiлуi, қылмыстың құрықталуы, тәртiп пен мәдениетке назар аударып, сала жетекшiлерiнiң хабарламаларын тыңдады. «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсiпорнының бас директоры Сергей Жуковтың айтуынша, алдағы қысқы маусымға 72 мың тонна көмiр қоры дайындалған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда екi есеге артық. Ендiгi мiндет — пайдаланылған жылуға төлемдi уақытында жүргiзу екендiгiн атап өттi қала әкiмi. Ауа райының құбылмалылығына байланысты көшелерде көктайғақ болмау үшiн коммуналдық кәсiпорындарға инерттi материалдарды жеткiлiктi мөлшерде дайындау тапсырылды.