Басты бетЖаңалықтарШымкентте алғаш...

Шымкентте алғаш рет AGROFEST-2017 фестивалі өтті

Аграрлы аймақтың шаруалары өз өнімдерін жәрмеңкеде қала тұрғындарына төмен бағада саудалады. Күнгейлік шаруалар жаз бойы бел жазбай еңбек етті. Енді сол бейнетінің рахатын көретін күз келіп, егіс алқаптарынан мол өнім жинап жатыр.

Мәселен, бидай мен арпадан гектарына 18,3 центнерден астық алып, 400 мың тоннаны қамбаға құйған. Бұдан бөлек 116 мың тонна жеміс-жидек, 919 мың тонна көкөніс пен 295 тонна картоп тағы бар. Ал бақша дақылдары 1,3 млн тоннадан асып жығылады.    Серік Тұрбеков, облыстық АШБ басшысы: — 120 мың тоннадай жеміс жиналды. Бұл тарихта болған емес. Содан кейін жүзім 76 тоннаға жетті. Оның барлығы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің табысы деп ойлаймыз. Облыстағы ауыл шаруашылығы экспортының көлемі бүгінгі таңда 211,4 млн АҚШ долларын құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға жоғары. Осылайша республика бойынша өңірдің үлесі 13%-ға жетіп отыр.

Айтпақшы, озық технологияларды қолдануда Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. Тамшылатып суару әдісін жетік меңгерген бағбандар жер көлемін 58,5 мың гектарға жеткізген. Қарқынды баудан да алар өнім мол.

Сапарбек Ержігітов, диқан: Қарқынды баудың негізгі тиімді жері кішкентай жерге шығынды аз беріп, үлкен өнімге қол жеткізуге болады. Ол суды үнемдеуге, тыңайтқыштарды ір алмаға беруге мүмкіндік тудырады. Биыл біз 100 гектардан 1,5 мың тоннаның көлемінде алма алып жатырмыз.

Өңірде кооператив құру жұмысы жанданып келеді. Қазірдің өзінде оның саны 640-қа жеткен. Ал ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге үлес қосқан аудандар мен озат еңбеккерлерді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев құттықтап, марапат ұсынды.

Фестиваль аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде облыстың барлық аудандарынан жиналған  жалпы көлемі 182 тонна табиғи таза өнімдерді нарықтағы бағадан 15-20%-ға арзан бағамен жұрт назарына ұсынды.

Дереккөз24.kz