«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында латын әліпбиіне көшу мәселесі болашақ үшін жасалатын жауапты қадамдардың бірі екендігі ақиқат. Осы орайда тіл мамандары «Латын әліпбиіне көшудің проблемалары», «Жаңа әліпби қалыптастырудың өзіндік ерекшеліктері», «Рухани жаңғырудың тетігі тілде» тақырыптарында баяндама жасады.
Пікір алмасу барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Шаһидолла Абуғали:»Өз басым қазақ тілін дүниежүзіне таныту үшін латын әліпбиіне көшу керек деген пікірді қолдаймын. Басынан бастап осы салада қызмет жасайтын мамандар халыққа дұрыс түсінік беріп, түсіндіру жұмыстарын тиянақты жүргізетін болса, латын әліпбиіне көшуге халық үрке қарамайды. Жалпы заман талабына сай және тілімізді әлемге таныту үшін жасалып жатқан бұл әрекет өте дұрыс, әрі дер уақытында алынған шешім деп есептеймін»,- деді.
Сондай-ақ ұстаздар атынан сөз алған №3 Жаңақала мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қ.Әлмұқановтың айтуынша, біз латын тіліне көшу емес, латын əліпбиіне негізделген қазақ əліпбиін жасауға жұмыстанып жатырмыз.
Осыны дұрыс түсіндіру қажет. Жаңа əліпбиде бір дыбыс бір таңба қағидатын қолдаймын. Əліпбиді қабылдармыз, алайда қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, үндестік заңдылығын, орфографиялық жəне орфоэпиялық заңдылықтарды бір жүйеге келтіру жұмыстары да кезегін күтіп тұрған өзекті мəселе. Сөздерді дұрыс жазудың 3 принципін (дəстүрлі, фонетикалық жəне морфологиялық) сақтау жолдары жаңа əліпбиде сақтала ма, осыны да қатаң ескеру қажет деп санаймын, — деді ол.
«Бір қарағанда әріптерді ауыстырғанда тұрған не бар?» деген сұрақ туындайды. Заманауи графика адамды заманауи ойларға жетелейді. Латын графикасының жаһандағы салмағы ерекше, қазақтілді ұжым санасындағы мазмұнында тек оң ассоцияция, ұғым, түсінік бар. Сондықтан, «әріптерді ауыстырудың керегі жоқ» деген қасаң ойлар негізсіз.
Латын қарпіне көшудің бірден бір ерекшелігі әлемнің жаһандану процесіне ұмтылумен байланысты болып отыр. Себебі қазіргі таңда әлемнің 75% латын қарпін қолданады. Олай болса латын графикасына көшу арқылы әлемнің басқа мемелекеттерімен еркін қарым-қатынас жасауға жол ашылады. Сондай-ақ латын графикасы ақпараттық жаңа технологиямен, компьютермен байланысты.
Елбасының рухани жанғырудағы көздеген мақсаты – ұлттың санасын жаңғырту, бізді артқа тартатын кертартпалықтан арылту. Барымызды жүйелеп, жоғымызды түгендеп, жаңа дүниелер жасап, мобильдеп, алға қарай ұмтылу. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бізге сол жолдағы əрекетіміздің алгоритмін модельдеп берді. Сондықтан халық президенттің осы бастамасын бірауыздан қолдады. Шынайы қолдау болды. Ал латын қарпіне көшу туралы кері пікірлер халықтың бағдарламаға деген сенімін əлсірете алмайды. Біз қалай да латын графикасындағы жаңа әліпбиге көшетініміз анық. Себебі бұл – өркениеттік таңдау. Әліпби таңдау тілдің болашағы үшін, сонымен бірге, еліміздің өркениеттік дамуы үшін де қажет.