Батыс Қазақстан облысы: Қос әкім діни білім алып жатырған оралдық жастармен жүздесті

Студенттердің хал-ахуалын білуге БҚО әкімі  Алтай Көлгінов мырзаның тапсырмасына орай, Зеленов ауданының  әкімі Асхат Шахаров пен Теректі ауданының әкімі Кәрім Жақыпов мырзалар келіп, шәкірттермен жүздесті. Облыстағы ахуалға тоқтала келе олар жергілікті жердегі мамандар тапшылығы мен діни сауаттылықтың аймақ тұрғындарының тіршілігіне ықпалы, әкімшіліктің ҚМДБ өкілдігімен бірлесе атқарып жатқан  жұмысы жайлы жан-жақты пікір алмасты.

-Сіздердің қазіргі басты міндеттеріңіз – білім алу. Оқуға көңіл бөліңіздер. Нұр-Мүбарак университетінде өте білімді де білікті ғалымдар шоғырланған. Осы мүмкіндіктің әр сәтін тиімді пайдаланыңыздар. Қазір сіздерді ел күтіп отыр. Алла қаласа, алдағы жылдары ең көп түлектер легі батыс аймақтағы рухани шөліркеген жамағатқа шынайы білімнің өнегесін көрсетеді деген үміттеміз,-деп ізгі тілектерін білдірді ел басқарған азамматтар.

Бүгінде жастардың арасында діни сауатсыздықтың салдарынан өзге ағымға кетіп жатқандарды немесе исламдағы айтылған хадис мәтіндерінің мағынасын тікелей түсіну арқылы, сауатсыздыққа жол ашып жатқандарды көріп жүрміз. Осы келеңсіздіктерді болдырмау үшін елімізде атқарылып жатқан шаралар өте көп. Атап айтсақ, жастардың діни сауатты маман болуына арналған еліміздегі заманауи оқу үрдісіне сай 9 медресе, 1 университет, 1 институт жұмыс істеуде. Сонымен қатар, әр мешіттін жанынан діни сауат ашу курстары да ашылды. Зайырлы ұстанымымызға сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен мектептерде дінтану пәні енгізілді.

Өз кезегінде оралдық жастар болашақта елге барып қызмет ету, студенттердің жазғы маусымды тиімді пайдалануы, мешіт имамдарымен бірлесіп еңбек ету жоспарларын да талқылады. Әлеуметтік қолдау, оңтүстік аймақ түлектерін батыс өңіріне тарту, жас талапкерлерге Нұр-Мүбаракта білім алудың артықшылықтары туралы айтылды.