Асан қайғы
Асан қайғы (Хасан) Сәбитұлы (14 ғасырдың ақыры – 15 ғасырдың басы) – мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ. Әз Жәнібек ханның ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен.
Асан қайғының толғаулары патриоттық тәрбиеге баулып, Отанды сүюге, адамгершілікті ұялатуға үндейді. Мәселен, мына бір толғауында жырау бабамыз өткінші дүниелік істерге бола ұрысып, таласпауға шақырады:
«Өлетұғын тай үшін,
Көшетұғын сай үшін,
Желке терің құрысып,
Әркімменен ұрыспа.
Ашу деген дұспан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің
Түбі терең қуысқа!»
Жырау осы өлеңінде адамзатты тату болуға шақырып, ашуға бой алдырудан тыяды. Ол «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, Ақылыңа ақыл қос» деген мақалға сай келеді. Халқымыздың әрбір нақыл сөзі, мәйекті мақалы шариғатпен, қасиетті дінімізбен астасып жатыр.
Шалкиіз жырау
Шалкиіз жырау (1465-1560) — ақын, жырау, батыр. Ол — туындылары орыс тіліне аударылған ақын-жыраулардың бірі. Шығармашылығын сол дәуірдегі орыс оқымыстылары мен зерттеушілері жоғары бағалаған. Темір биге айтқандары әртүрлі жинақтар мен басылымдарда бірнеше мәрте басылды. Жырау қазақтың көне әдебиетінен ерекше орын алады. Ол ел алдында турашылдығымен, әділдігімен, даналығымен беделді болады.
Шалкиіз жыраудың шығармашылығы жайлы М.Мағауин: «…Жыраудың ғасырлар көгінен өтіп, біздің дәуірге жеткен шағын көлемді, шымыр толғауларынан көне заман таңбасы – түз тұрғынының дүниетанымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшеліктері, моральдық, этикалық қағидалары айқын аңғарылады…» -деп жазды.
Шалкиіз жырау өзінің жырларында әр істің жүзеге аспағы бір Алланың әмірімен екенін аңдата отырып, «өзім болдым» деген менмендіктен сақтандырады:
«Еділден аққан сызашық
Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді –
Телегейдесін сайқалтып,
Жарқыраған беренді
Теңіз етсе, Тәңірі етті!
Жағасына қыршын біткен тал еді,
Жапырағын жайқалтып,
Терек етсе Тәңірі етті.
Тебінгінің астынан
Ала балта суырысып,
Тепсінісіп келгенде
Тең атаның ұлы едің,
Дәрежеңді артық етсе, Тәңірі етті!»
Тәкаппарлықтың жағымсыз қылық екенін халқымыз қанына сіңген ата дәстүрі, діні арқылы білді. «Тәкаппардың тәубасы қабыл болмайды» деген мақал соны айғақтаса керек.
Жиембет жырау
Жиембет Бартоғашұлы (1570-1575 жылдар шамасында туып, 1643 жылы дүниеден қайтқан) — қазақтың аса талантты жырауы, биі әрі жеңімпаз батыры. 16 жасынан хандар, билер, батырлардың жанында жүріп, ел билігіне араласады. Өсе келе ол Есім ханның беделді биі әрі батыры дөрежесіне көтеріледі. Талай ұрыс, шайқастарға катысып, ерлік көрсетеді. Ханның жауынгер жасағын баскарып, жеңімпаз қолбасшы болады. Сонымен бірге Еңсегей бойлы Ер Есімнің кіші жүз еліндегі ең бір беделді бас биі ретінде танылады.
Ол Есім ханның есіне өткенді салып, Құдайдан қорқуға шақырып, тәубешіл болуға үндеп отырған. Өзі де жырларында бір Аллаға сыйынып, құлшылық пен тіршілікті ұштастыра үйлесімді өмір сүруді уағыздаған. Бұл жағдай ақынның мына бір өлеңінде айқын көрініс тапқан:
«…Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биің-ді.
Малын салып алдына,
Әр саладан құйылды,
Он екі ата Байұлы
Бір тәңірге сыйынды».
Бұқар жырау
Бұқар жырау Қалқаманұлы (1668—1781) — қазақтың ұлы жырауы, жоңғар басқыншыларына қарсы Қазақ-жоңғар соғысының бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы.
М.Мағауин Бұқар жырау туралы: «…Арқалы жырау, қабырғалы би Бұқар өз тұсындағы қазақ хандығының бас идеологы болды…»-деп жазды.
Шынында да, Бұқар жырау өз заманының ақылшысы, тәрбиешісі болды. Оның:
«…Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас,
Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес,
Берем деген құтылмас,
Берік байлаған шешілмес,
Қазулы жолдар көмілмес,
Қартайсаң қарт бабаңды сыйлай бер,
Күндердің күні болғанда,
Кімдердің де кімнің дейсің белі бүгілмес…» деген жырында уақыттың өтпелі, дәуреннің көшпелі екенін айтып, «сиырдың басына туған күн бұзауға да туатынын», қарияны сыйлау керек екенін, кейін өз басыңа түсетінін, ақ-адал жанның жолы ашық болатынын тілге тиек еткен.
Бұқар жыраудың атақты «Тілек» атты толғауының мәтіні де көпшілікке жақсы таныс:
«Бірінші тілек тілеңіз –
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз –
Әр шұғлы (ісі) пасық залымның
Тіліне еріп, азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз –
Үшкілсіз көйлек кимеске,
Төртінші тілек тілеңіз –
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз –
Бес уақытта бес намаз
Біреуі қаза болмасқа», -деп, Ислам дінінің бес парызының бірі – намазды қаза қылмауды, адамгершілік аясынан шықпауды өсиет етеді.
Ақтамберді жырау
Ақтамберді Сарыұлы (1675 — 1768) — жырау, қолбасы, қазақтың көне жыраулық мектебінің белді өкілі, дипломат. «Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке» дегеніне қарағанда күреске ерте араласқан жауынгер жырау санатына жатады. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мәселелерін жырларында жақсы бейнелейді. Қысқа нақыл, шешен сөздердің шебері.
17 жасынан шайқасқа қатысып, қазақ жерін қалмақтардан қорғаған белді батыр әрі жырау Ақтамберді Сарыұлының өсиет өлеңдері де пайғамбарлар сөзімен үндесіп жатыр. Ол өз жырында:
«Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айырылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке.
Араз болсаң алты ауыз,
Еліңе кірген әреке»,-деп жырласа, Алла Елшісі: «…Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деген өсиет қалдырған. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мәтел де ауызбіршілігі бар елдің берекесі артатынын көрсетеді.
Шал ақын
Шал ақын атымен танылып кеткен Тілеуке Құлекеұлы (1748– 1819) — қазақтың төкпе ақыны. Әкесі Құлеке батыр Абылай ханның жақын серігі болған. Шалдың өлең-жырларынан өз дәуірінің өмір көріністері айқын аңғарылады. Бұлардың бәрінде дерлік жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, ынсап пен тойымсыздық, ақылдылық пен аңғалдық, ізгілік пен надандық, байлық пен кедейлік тәрізді кереғар жайттар кең қамтылып сөз болады. Мысалы, «Ата-ананың кадірін», «Жігіт туралы», «Жігіттің өзін білем дегені», «Әйел сыны», «Қыздар туралы», тағы басқа.
Шал ақын адам өмірінің көзді ашып-жұмғанындай тез өтетіндігін айта келе, өмірді бағалай білу керек деп, жастарға өсиет қалдырды:
«Кәрі өлсе соққан дауыл тынғандай-ақ,
Жас өлсе бәйтерегінің сынғандай-ақ,
Жігіттер, жас уақытты бос өткізбе,
Тағдыр деген көзді ашып-жұмғандай-ақ»,- деп жырлады ол.
Қабан жырау
Қабан жыраудың (1733 — 1824) азан шақырып қойған есімі Қабылиса болғанымен, жаужүректігі, батырлығы үшін оны халық «Қабан» деп атап кеткен. Жырау ел басына күн туып, қазақ халқы жоңғар шапқыншылығына ұшыраған сәтте жауға аттанады. Ол өз жырларында елді бірлік пен татулықты сақтауға, алауыздыққа жол бермеуге шақырады.
«Ал, ұста, бұл сөзімді жалған емес,
Бұл дүние имандыға арман емес.
Дүниенің қызығы үшін мал жинаймыз,
Мал, шіркін, ешкімге еріп барған емес.
Бұрынғы пайғамбар мен сахабалар,
Пайда қып ешкім малын алған емес.
Өтірік, ұрлық, зорлық, мекер, қайла,
Бұл үлгі пайғамбардан қалған емес.
Артынан қу нәпсінің ере берсең,
Қу нәпсі жүгірістен танған емес.
Нәпсіге тоқтау қылған бәндесіне,
Тозақтың оты кеулеп жанған емес.
Қаупі жоқ ахиреттің ғазабынан,
Жиылып дүние үшін қылар кеңес.
Қайғысы екі жиһан ойында жоқ.
Көңілінде ойлағаны құлақ теңес.
Істей бер тіршілікте білгеніңді,
Біреудің қам-қайғысын біреу жемес.
Ал, енді, талай тағлым айтып қойған,
Анда-санда ойлаңдар мен байғұсты,
Дүние көшіп кетіп, қайта келмес»,- деген жыр жолдары жыраудың жастарға айтқан өсиеті іспетті. Ол өткінші өмірде дүние қуғаннан, білім жиғанның, ізгі амал істегеннің артық екенін жырлайды, нәпсіқұмарлықтан тыяды. Бұл туралы ескілерден қалған мынадай сөз бар: «Нәпсіқұмарлық патшаларды құл етеді. Ал, сабырлылық құлдарды патша етеді» немесе «Ақылы көшбасшысы болып, нәпсісі тұтқыны болғанға нұр жаусын! Керісінше, нәпсісі көшбасшысы болып, ақылы тұтқыны болған қандай қасырет!» дейді көнекөздер.
Сыпыра жырау
Сыпыра жырау (туған — қайтыс болған жылдары белгісіз) – Дешті Қыпшақтың әйгілі жыршыларының бірі, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, барабы, құрдақ пен қырым татарларына ортақ тұлға. Оның жырлары бізде өз атымен жетпеген, толғаулары «Құбығұл», «Едіге би», «Тоқтамыс ханның хикаяты» аңыз-әңгімелер мен «Ер Тарғын», «Едіге батыр» эпикалық жырларында сақталған. Қазақ зерттеушілері Сыпыра жырауды ноғайлы дәуірінен жеткен көптеген эпикалық жырлардың бірден-бір авторы санайды. Қазақ аңыздары мен батырлар жырында жырау ел бірлігін көздеген дана ретінде суреттеледі, бірде 120, бірде 180 жасаған, көпті көрген тәжірибелі қарт кейпінде көрінеді.
Жырау «Мен жыраумын, жыраумын» деген жырында:
«Көп хандарды мен көрдім,
Елін, халқын жылатқан.
Қарағай сапты ақ найза,
Батырларды құлатқан.
Даналар айтқан асыл сөз,
Елді аузына қаратқан.
Сары жай атқан сансыз оқ,
Көп халықты жылатқан.
Алла тағала адамды,
Тату бол деп жаратқан.
Мен дүниеге келгенде,
Әділетсіз хан көрдім,
Бейкүнә өлген жан көрдім.
Сауға болған дұшпанға,
Есепсіз жүрген мал көрдім.
Алла тағала әммеге,
Бөліп берген ырысты.
Соның үшін, хан ием,
Көксемегей ұрысты»,- деп жырайлы. Жырау осы арқылы адамзатты береке-бірлікте болуға шақырады. Қазақ халқы қашан да бірлікті басты орынға қоя білген. Ел арасында «бірлігі күшті ел озады», «бірлік болмай, тірлік болмас», «жұмыла көтерген жүк жеңіл», «көппен көрген ұлы той» деген қанатты сөздер кең тараған.
Меңдібай Әбілұлы жыраулар поэзиясы (ХV-ХVІІІ ғасырлар) туралы: «Ислам дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілдері Махмұт Қашғар, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Жүйнектердің шығармалары түркі халықтарының әдеби мұрасына айналды. Әрине, осындай әдебиетші-ғұламалардың поэзиялық шығармалары қазақ жыраулық поэзиясының өкілдеріне әсер етпей қойған жоқ. Асан қайғы жырау мен Сыпыра жырау, Қотан жырау, Шалкиіз жырау мен Бұқар жыраулар өздерінің поэзиялық шығармаларында діни дәстүрді қалыптастырды. Бірақ кешегі Кеңес заманында жыраулық поэзия өкілдерінің шығармаларындағы діни ағым жөнінде ғылыми тұрғыдан пікір өрбітуге кеңестік идеология кедергі келтірді…», деп жазады.
Асыл діннен бастау алған жырлар қазақ даласында әлі күнге дейін айтылып келді. Қазір де маңызын жойған жоқ.
Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.