Басты бетЖаңалықтарАстанада нәтижелі...

Астанада нәтижелі жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы басталды

Ведомство хабарлағандай, бағдарламаға жұмыссыздармен қатар, өзін-өзі еңбекпен қамтыған адамдар да, сондай-ақ өз ісін енді бастағандар мен кәсіпкерлер қатыса алады.

Аталған бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі жылына небәрі 6 пайызды құрайды. Барлық саланы қаржыландыру саудадағы айналымдағы қаржыны толықтырудан бөлек.

Қызығушылық танытқандар мамандардан толыққанды кеңес алып, нәтижелі еңбекпен қамту бағдарламасын жүзеге асыру аясында мемлекеттік қолдаулар туралы біле алады.

Шара Тәуелсіздік даңғылы, 3-үй, 32 аудитория, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының үшінші қабатында өтеді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова: «Халықты нәтижелі жұмыспен қамту – тұрақтылық пен табысқа бастайды»,-деген еді.

Министрдің айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасының негізгі мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және өзге де біліктілігі жоқ тұлғаларды өнімді жұмысқа тарту. Оған қоса, жаппай оқыту және сұранысқа ие мамандықтар мен кәсіпкерлік негіздері бойынша дағдыландыру, жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау, еңбекпен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ұтқырлығын қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту қарастырылып жатыр.

Жаңа бағдарлама 15 пен 45 жас аралығындағы айына 60 мыңнан төмен табыс табатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жұмыссыздарға және кәсіптік біліктілігі жоқ тұлғаларға жұмыс табуға немесе жаңа мамандықты меңгеруге көмектеседі. Қолдау шараларымен 550 мыңға жуық адам қамтылады деп күтілуде, олардың 84 пайызы ауыл тұрғындары.

Аталған жоба төмен табысты ауыл халқының елеулі бөлігіне кәсіпкерлікте алғашқы қадамдарын жасауға және өздерінің бизнес-бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жаңа бағдарлама жастардың мамандықты тегін игеруіне де жол ашпақ.

Министрдің айтуынша, бірінші жылы оқыту шараларымен 15 мың адам, кейіннен жылына кем дегенде 30 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бағдарлама бойынша жауапты министрлікке әзірлік жұмыстарын аяқтап, оны 15 желтоқсанға дейін пысықтап, Үкіметке бекітуге ұсынуды тапсырды. Жаңа бағдарлама жаңа жылдан бастап іске асырылатын болады.

«Егер бұрын біз «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде уақытша жұмыс орындарын құруға басымдық берген болсақ, енді оқыту арқылы тұрақты еңбекпен қамтуға ден қоямыз. Ең бастысы өз кәсібін ашуға мүмкіндік береміз. Осы арқылы тағы да жұмыс орындары пайда болады»,- дейді еліміздің Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, сәуір айында нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 26 мың азамат қысқа мерзімді курстан өтеді, деп хабарланған еді. Бұл туралы Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтқан болатын.

Министрдің айтуынша, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 1-6 айлық қысқа мерзімде кәсіптік оқыту жүргізіледі. Оған 29 жасқа дейінгі және жұмыссыз жүрген, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қатыса алады.

«Барлық қатысушылар шәкіртақымен, жолақымен және тегін жататын орындармен қамтамасыз етіледі. Кәсіптік оқыту жүргізетін 380 білім беру ұйымының тізбесі әзірленді. Курстарымыз дайын. Бағдарламалар өңірлік кәсіпкерлер палатасымен келісіп бекітілді. Бұл бағыт арқылы 26 мың азамат қысқа  мерзімді курстан өтеді деп  ойлап отырмыз. Бюджеттен 6,3 млрд. теңге қарастырылған. Бұл жобаны сәуірдің 1-інен Ақтөбе мен Астана қалалары бастап кетті. Бүгінгі күні 350 азамат курстарда білім алуда. Келесі 4 мың азаматтың тізімі дайын. Оларды да оқыта бастаймыз», — деген еді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, Білім және ғылым министрлігі бұл жобаны бақылауға алып, ай сайын мониторинг жүргізу арқылы ақпарат беріп отыратын болады.

Сондай-ақ, Қазақстанда жұмыс іздестірудің бірыңғай базасы құрылмақ. Еңбек биржасы әлеуметтік-еңбек саласын, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесін, келісімшарттық негізде жалдау бойынша жеке агенттіктердің деректер базасын, интернет-порталды қамтиды. Оған өңірлердегі жұмыспен қамту орталықтары қосылып, жұмысқа тұру бойынша қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтеді.

«Бағдарлама аясында азаматтарға бірінші және екінші мамандықты тегін алып шығу мүмкіндігі беріледі. ҰБТ тапсыра алмаған 21 мың мектеп түлегі, оқу орнына түсе алмаған азаматтар, тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларды оқыту көзделген. Оқу мерзімі – 2,5 жыл. Оқу ақысына, бір рет тамақтануға қаржы бөлінеді әрі стипендия қарастырылады»,- ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Әрине несие алған азамат табыс тауып жатса, қуанамыз. Егер түрлі себептерге байланысты бастаған жұмыс тоқтап қалса немесе пайда алып келмесе не болады? Несиені қалай қайтарады?

«Несиені қайтару міндеті бар. Сол жағдайда кепілдеме болады. Мемлекет 85 пайыз несиесін кепілдендіреді. Түк болмай қалған жағдайда мемлекет 85 пайыз несиесіне жауап береді»,-дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры Ғалия Жолдыбаева.

Бүгінде елімізде тоғыз миллиондай экономикалық тұрғыдан белсенді адам бар. Олардың шамамен 810 мыңы жұмыссыз. Дәлірегі, 450 мың адам ресми жұмыссыз ретінде тіркелген, 360 мың адамның тапқаны тамағына да жетпейді. Жоғарыда айтылған 9 млнның 28 пайызының тек орта білімі ғана бар. Яғни мектепті тәмамдаған түлек, не оқу жоқ, не жұмыс жоқ, сандалып жүр. Оларды бір жерге жұмысқа орналастыруға кәсіби білімінің жоқтығы кедергі. Екіншіден, барлығына бірдей жұмыс тауып беру -экономикалық тұрғыдан мүмкін емес нәрсе. Осы ретте тығырықтан шығудың тың жолы ретінде үкімет жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ден қоймақ.

«Түлектер жаппай кәсіптік-техникалық оқу орындарында тегін оқытыла бастайды. 2,5 жылдан соң белгілі бір мамандық алып шығады, бұл міндетті. Ал ересек азаматтар оқытудың қысқа мерзімді түріне тартылады, бір айдан алты айға дейінгі мерзім аралығында оқып, кәсіп иесі атанып, сертификат алады»,- дейді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Үкіметі Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағдарламасын әзірледі. Бағдарламаның мақсаты нәтижелі жұмыспен қамтуға жағдай жасау арқылы халыққа өз табыстарын арттыруға мүмкіндік беру болып табылады.

Нәтижелі жұмыспен қамту, бұл – еңбеккерлерге табыс әкелетін шынайы, лайықты өмір сүруді қамтамасыз ететін жұмыс түрі.