Басты бетЖаңалықтар"Қазақтың Усейн...

«Қазақтың Усейн Болты» туралы не білесіз?

Қазақтың Усейн Болты — Марат Жыланбаев. Ол 1963 жылы тамыздың 19-ы күні Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ол бүгінде алыс қашықтыққа жүгіретін спортшы, жүгіруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері (1993). ХХ ғ-дың 90-жылдары “Гиннестің рекордтар кітабына” жеті рет тіркелген жалғыз қазақ марафоншысы. Сонымен Ямайканың Усейн Болтын он орап өтетін Марат Жыланбаевтың жеткен жетістіктеріне назар аударсақ.

  • 1. 1991 жылы 30 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында Еуропаның ең биік шыңы Эльбрусқа (5652 метр) жүгіріп шығып, екінші орын алды. Бұл көрсеткіш кез келген альпинистен 2,5 сағатқа артық.
  • 2. 1992 жылы 4-19 ақпан аралығында ТМД елдері арасында алғаш рет ең ұзақ қыстық марафон ұйымдастырып, Екібастұз-Алматы (1480 шақырым) бағытын 16 күнде қақаған аязда жүгіріп өтті.
  • 3. 1992 жылы Америка құрлығының ашылуына 500 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Алтын Батысқа апарар жол» атты марафонда Невада-Калифорния бағытын 22 сағ.9 мин.14 секундта жүгіріп өтіп, екінші орын иеленді.
  • 4. 1992 жылы қарашада «Красноярск жүздігі» супермарафонында 100 шақырымды 7 сағ.44 мин.11 секундта бағындырып, бас жүлдені иеленді.
  • 5. 1993 жылдың маусымында Канадада «Жарты түннің күні» атты марафонда 100 шақырымдық қашықтықта екінші орынды иемденді.
  • 6. 1994 жылы «Өлім алқабынан-Уитни шыңына дейін» деген марафонды теңіз деңгейінен -84 метр төмендікте бастап, 4910 метр биіктікте аяқтау арқылы екінші орынды иемденді.
  • 7. 1990 жылдың 6-қазаны мен 1991 жылдың 5-қазаны аралығында, яғни 365 күн ішінде, әр қайсысы 42 шақырым 192 метрді құрайтын 226 марафонды жүгіріп өтіп, Гиннесс рекордтар кітабына енді.
  • 8. 1991 жылы 2-25 наурыз аралығында 23 классикалық марафонды жүгіріп өтіп, тағы рекордтарға тіркелді.
  • 9. 1991 жылдың 1-15 маусым аралығында күніне 2 классикалық марафон(42+42=84 км), 15 күнде 30 классикалық марафонды бағындырып кезекті мәрте Гиннесс кітабына енді.
  • 10. Азиядағы Қарақұмды 1992 жылы 2-22 сәуір аралығында жүгіріп өтіп кезекті мәрте рекордтар кітабын шулатты.

Марат Жыланбаев

Сіз білесіз бе? Бала күнінде Марат Жыланбаев космонавт, саяхатшы болғысы келеді. Желаяқ боламын деп ойламаған болашақ желаяқшы 12 жасынан жеңіл атлетикамен, велосипед, шаңғы спортымен айналысқан. Ол жуас, бірақ өте белсенді бала болған. Ата-анасы қайтыс болған соң әпкесі мен ағасы үшеуін Саран қаласындағы мектеп-интернатқа беріп, қалған кішкентайларды туысқандар бағып алады. Кішкентай кезінен сурет салғанды ұнатқан Марат Алматыдағы Көркемсурет училищесіне түскісі келеді. Бірақ ол жерде жатақхана жоқ болғандықтан, оны қабылдамай, құжаттарын Қарағандыдағы денешынықтыру техникумына тапсырады. Жатақханада сурет салу мүмкін болмағандықтан, басқа топта оқитын Андрей Овечкин есімді досымен қала маңынан пәтер жалдап, түнімен жарықты жағып қойып сурет салатын болған. Кейін әскерге барғанда да суретші болған Маратты ең алғаш жұрт желаяқ деп емес, суретші ретінде тани бастайды. Ол кездің өзінде ол спорттық бағдарлаудан КСРО-ның жасөспірімдер арасындағы чемпионы болған.