Расымен көшеде қол жайғандар қаламызда неге көбейді? Олар қайдан келді, ұлты кім, нәсілі қандай? Аялдаманың бойындағы алып теректің аясына жайғасып, баласын қасына алып, қайыр тілеген келіншекті көргенімде үнемі осындай ойлар парықсыз басыма келе береді, келе береді.
Қаламызда қол жайған өзге ұлт өкілдерінің басым көпшілігі – Орталық Азияның сығандары. Ғылыми тұрғыдан кейде оларды «люли» деп те атайды.
Есте жоқ ескі заманнан келген аңызға сенетін болсақ, кедей отбасында Лю есімді ер бала мен Ли есімді қыз баласы өмірге келіпті. Алайда жаугершілік салдарынан екеуінің ата-анасы тұтқынға түсіп, өзге аймаққа айдалыпты. Екеуі ата-анасын екі бағытта іздеп шығып, жылдар өткен соң қайта жолығыпты. Алайда олар бір-бірін танымай, ағалы-қарындас екенін білмей отбасын құрыпты. Сол сәтте оларға және олардың ұрпақтарына «ғасырлар бойы қол жайып, қайыр тілейтін қайыршылық бұйырсын» деген халық тарапынан қарғыс айтылыпты деседі. Содан бері Орталық Азия сығандары қайыр тілеумен айналысып жүрген көрінеді. Алайда бұл тек қана аңыз, бірақ шындықсыз аңыз жоқ демей ме атам қазақ.
Аңыздан ақиқатқа өтетін болсақ, Орталық Азияда шынымен қол жайған кезбелердің бұрыннан болғанына тарих куә. Алысқа бармай-ақ, қылышынан қан тамған Кеңес Үкіметінің өзінде де осы сығандар мәселесін реттеуге байланысты бірнеше жұмыстар атқарылды. Ең басты міндет кезбе халықты тұрақтандырып, білім беріп, коммунизм идеясын саналарына сіңіру еді.
Осы мақсатта 1925 жылы «Бүкілресейлік сыған одағы» құрылып, оған Өзбекстаннан Мизраб Махмудов мүшелікке сайланды. Ол люлилердің атынан сайланған алғашқы саяси сала маманы еді.
Артынша 1920-30 жылдары сығандарды жұмылдыруға арналған ұжымшар мен кеңшарлар ұйымдастарылды, ауыл шаруашылық артельдері іске қосылды. 1929 жылы Ферғанада «Махмудов атындағы» және Ташкентте «Янги турмуш» атты ұжымшар құрылды. 30-40 жылдары күштеп тағы Өзбекстанда 13 сыған ұжымшарлары ашылды. 1928 жылы Самарқандта 31 сыған қызмет еткен әйгілі «Мехнаткаш люли» ұжымшары іске қосылды.
Бірақ аталмыш жұмыстардың барлығы дла люлилерді өзінің тарихи негізінен бас тартқыза алмады. Екінші дүниежүзілік соғыста олар қайтадан кезбелікке салынып, қайыр тілеуді бастап кетті. Соғыстан кейін Кеңес Үкіметі қайтадан күшпен люлилерді түрлі қоғамдық жұмыстарға тартып, қызмет берді. Дегенмен олар өз жан-дүниесінде «кезбелік қасиетті» ұмытпады. Кеңес Үкіметі тарихи сахнадан кетісімен-ақ, люлилерде қарапайым өмірге қолды бір сілтеді. Содан бастап күллі Орталық Азия мен Ресейде люлилер кезіп жүр.
Бүгінде Алматы көшелерінен қайыр тілегендерді көп көруге болады. Олардың қала автобустарына кіріп «жағдайларының қандай нашар екенін» айтқан сөздерін халық жаттап та алды. Соңғы он жылдықта сығандардың санағы жүргізілмесе де, қала көшелеріне қарап, олардың саны бірнеше есеге артқанын байқауға болады.
Жалпы Орталық Азияның сығандары 1926 жылғы Өзбекстандағы санақта 4000 деп көрсетілсе, 1989 жылғы санақта 25 мың деп көрсетілген. Одан кейін олардың нақты санын анықтау мүмкін емес дейді билік өкілдері. Сарапшылардың айтуы бойынша олардың саны кемі негізгі деректен үш есеге көп. Қазақстанға Тәжікстан мен Өзбекстаннан люлилер 91-жылдан кейін қаптады. 1992-97 жылдар аралығындағы Тәжікстандағы азаматтық соғыс әсерінен еліміздің оңтүстік облыстары мен Алматыда люлилер саны күрт артты.
Бүгінде олар өзара арго тілінде сөйлесу арқылы, еліміздің көптеген өңірлерінде күн кешуде. Өзбектер оларды люли десе, тәжіктер джуги дейді. Атауында ғана айырмашылық болғанымен, өмір салты мен тарихы бір. Зерттеушілер оладың тарихын толықтай зерттеуге аталмыш этностың жабықтығы, салт пен дәстүрге беріктігі және өзге ұлттарға сенімсіздігі кедергі келтіріп отыр дейді. Люли этносының өзіндік мәдениеті мен әні, биі, өмір салты мен тілі, ділі мен діні бар көрінеді. Тек оны зерттеуге өздері үлкен тосқауыл болып отыр.
Қазақстанда қанша люлидің барын ешкім дөп басып айта алмайды. Кей деректер олардың санын 3-7 мың арасында деп көрсетеді. Біздің қоғам үшін ең қатерлісі сол, олардың жеке басын куәлендіретін құжаттарының болмауы, ұдайы медициналық тексерілуден өтпеуі, түрлі ұрлық қылмыстарына жиі баруы болып отыр.
Асхат Қасенғали