Бұл туралы бүгін Астанада өткен халықаралық конференцияда ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы мәлім етті.
«Оқулықтардың алғашқы қазақша мәтіні шықты, таза аударма жұмысы аяқталды деуге болады. Келесі маңызды жұмыс редакциялау болмақ. Аудармашылардың қолынан шыққан мәтіндердің барлығы ең алдымен ғылыми редакциядан өтеді, онда ғылыми тұжырымдар мен идеялардың дұрыс берілуі қадағаланады. Одан кейін әдеби редакция жүргізіліп, тілші мамандар, баспагерлер, аударма ісінің қыр-сырын жақсы білетін редакторлар мәтінді тағы да шолып шығады», — деп түсіндірді Рауан Кенжеханұлы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Жаңғыру 3.0: Рухани жаңғыру» жиынында.
Атқарушы директордың айтуынша, аталған оқулықтар қоғамдық талқылаусыз, мамандардың құптауынсыз басылымға жіберілмейді.
«Жоба аясында беделді қоғам қайраткерлерінен, білікті мамандардан тұратын арнайы редакция алқасы құрылып жатыр. Одан бөлек, бірқатар кездесулер ұйымдастыру арқылы жұмысымызды қоғамға таныстырып, құптау алғымыз келеді. Жыл соңына дейін аударма мен редакциялау жұмысын аяқтап, оқулықтарды басылымға әзірлеп қою жоспарланған», — деп өз сөзін түйіндеді Р.Кенжеханұлы.
Тағы бір айта кетерлігі, жаңа оқулықтардың алғашқы легі келесі жылы, Елбасы бекіткен латын қарпінде жарық көреді. Ұлттық аударма бюросы тәржімалап жатқан 18 кітап туралы толық ақпарат 100kitap.kz сайтында берілген.
Алихан Түйебаев