Байқоңырдан ұшатын зымырандар саны көбеюі мүмкін

Қазақстан мен Ресей «Бәйтерек» зымыран кешеніне үлкен үміт артып отыр. Жобада екі жақтың жауапкершілігі теңдей бөлінген. Ресей тарапы зымырантасығышты дайындайды. Ал Қазақстан оған қажетті инфрақұрылымды әзірлейді. Бұл туралы «Астана» арнасының қорытынды жаңалықтар қызметі хабарлады.

«Бәйтерек» жобасын жүзеге асыру бойынша «Жол картасының» жаңа редакциясы жасалып, келісуден өтіп жатыр. Жобаны қаржыландыру үшін техникалық-экономикалық негіздеменің бастапқы нұсқасы Қазақстанға берілді. Эскиздік жоба қараша айына дейін дайын болады»,- дейді «Роскосмос» мемкорпорациясы бас директорының орынбасары Сергей Савельев.

«Роскосмос» 2018 жылдан бастап Байқоңырдан ұшыратын зымырандарының санын арттыруға ниетті. Жыл басынан бері 11 зымыран ұшырылса, алдағы екі айда ғарышқа тағы 3 зымыран жіберетіндерін айтты Савельев.