Басты бетТележүргізуші Ксения...

Тележүргізуші Ксения Собчак Ресей президенттігіне үміткер болмақ

«2012 жылдан бері қарсылықпен өткен бес жылдың ішінде саяси көзқарасым толығымен қалыптасты. Оған сенімдімін және жоғары дәрежеде дәлелдей аламын»,- деп жазды Собчак хатында.

Тележүргізуші ел тізгінін ұстаса, саяси бастамаларға салынған тыйымды алып, аймақтарды гүлдендіруге қаражат бөлетінін, ірі мемлекеттік корпорацияларды жекешелендіріп, БАҚ-ты биліктен тәуелсіз ететінін, сот пен білім беру саласына реформа жасайтынын, діни институттарды қаржыландыруды шектейтінін, адамдардың құқығы мен жыныстық таңдауына қойылған шектеулерді жоятынын мәлімдеді.

Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың хабарлауынша, Ксения Собчактың бұл шешімінен Кремль хабарсыз. Алайда тележүргізуші «Дождь» арнасына берген сұхбатында президент Владимир Путин хабардар деді.

«Путин әркімнің шешім қабылдауға құқығы бар екенін және оған жауапты екенін айтты»,- дейді Ксения.

Бірақ оның ойынша президенттің бұл шешімге көңілі толмаған. Ресейлік оппозиция өкілдері де тележүргізушінің жоспарын қолдаған жоқ.

Ксения Собчак — ресейлік тележүргізуші. «Дом-2», «Кто не хочет стать миллионером», «Последний герой-6», «Блондинка в шоколаде», «Две звезды» шоуларын жүргізген. 2012 жылдан бері «Дождь» арнасында «Собчак живьем» ток-шоуын жүргізеді.