Басты бетЖаңалықтарАлматыда туристік...

Алматыда туристік ақпараттық орталық ашылды

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек орталықта қалаға келген әрбір шетелдік қонақтың көрікті жерлер, мәдени оқиғалар, мейманханалар туралы «бір терезе»  қағидаты бойынша толық мәліметті қалай алатындығымен танысты.

Қаланың туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Жайлаубайдың айтуынша, болашақта ақпараттық туристік дүңгіршектер ашу мәселесі қарастырылмақ.

«Визит орталық Алматы тұрғындары мен қонақтарына кәсіби кеңес, жол карталары мен тау бағыттарының атластарын, туроператорлар брошюраларын, мәдени- бұқаралық шаралардың аңдатпаларын береді. Сондай-ақ, экскурсияға, кәдесый бұйымдарға тапсырыс алады. Қазіргі кезде барынша танымал локацияларда ақпараттық туристік дүңгіршектер ашу мәселесі қарастырылуда. Мұндай орталықты ашу Париж, Лондон, Дубай, Нью-Йорк, Барселона сынды туризм саласы дамыған қалалардан тәжірибесі аламыз», — деді Ерлан Жайлаубай.

Ақпараттық туристік орталықтың директоры Әсел Нұркебаева визит орталықта кеңес беру, кәдесый, сөйлесу, т.б. түрлі шараларды өткізуге болатынын айтты.

«Қазірдің өзінде www.visitalmaty.kz  ресми сайты жұмыс істеуде, кейін ол жеті тілді қамтитын болады. Сайтта қаланың танымал көрнекі  орындары, ұлттық мәзір дайындайтын мейрамханалары, оқиғалар тізбегі туралы толық ақпараттар жарияланады. Визит орталықта кеңес беру, кәдесый, сөйлесу, түрлі шаралар өткізудің интерактивті  аймақтары қамтамасыз етілген. Техникалық тұрғыда ашылғалы бері 109 турист хабарласты», — деді орталық директоры Әсел Нұркебаева.

ДереккөзKazinform.kz