Қазақстан – зайырлы мемлекет. Елдің білім заңына сәйкес, оқушылар мектепке бекітілген бірыңғай киім үлгісінде келулері тиіс. Алайда Жайық өңірінде бұл талапты орындауға қарсы шығып, қыздарын білім ошағына орамалмен жіберетін ата-аналар да кездесіп отыр. Күні бүгін осындай 151 оқушы қыз анықталған. Ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде 44 шәкірт мектепке орамалдарын шешіп келе бастады.
Оралдағы №37 мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы С.Үбішевтің пікірінше, бұл мәследен діни астар іздеп, арандату дұрыс емес.
«Мектеп әкімшілігінің орамалды шешу туралы талабы орынды. Ешкімнің діни наным-сенімі туралы конституциялық құқығы бұзылып тұрған жоқ. Қазіргі қарсы болып отырғандар — бірыңғай мектеп киімі туралы шешім қабылданған жиналысқа қатыспаған ата-аналар» — дейді ол.
Бұл шараға Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Р.Зайнуллина да пікір білдірді.
«Орамалмен мектепке келетін қыздар үшін арнайы киім ауыстыратын бөлме бар. Оқушылар сабаққа тек бекітілген киім үлгісін киіп қана қатыса алады. Оған қарсы ата-аналарға жасөспірімдер істері жөніндегі комиссия мүшелері түсіндіру жұмысын жүргізеді. Оған да келіспесе, ата-ана ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабы бойынша жауапкершілікке (10 айлық есептік көрсеткіш айыппұл, 22 690 теңге) тартылатын болады», – дейді бөлім басшысы.