Шымкент «Таза қала» қала атануына әр тұрғын үлес қосуы керек

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Абай ауданы әкімдігінің активімен кездесіп, аудан аумағындағы бірқатар мәселелер бойынша ашық әңгімелесу өткізді. Әрі аталмыш аудандағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысты. Әуелі, қаладан 15 шақырым қашықтықтағы Ақтас полигонындағы тұрмыстық қатты алдықтарды өңдейтін зауыттың құрылысында болды. Онда қоқыс тасымалдаудағы проблемалар бойынша тиісті сала мамандарына тапсырма берді.

-Шымкенттен шыққан тұрмыстық қатты қалдықтар тиелген көліктердің төбесі арнайы жамылғымен жабылуы тиіс. Себебі, төбесі ашық көліктен ұшқан қоқыстар төгіліп, шаһардың ірі жол дәлізін ластауда. Жергілікті полиция қызметінің мамандары қатаң қадағалау жүргізіп, талапқа сай жұмыс істемеген көлік иелеріне айыппұл салуы керек, — деді шаһар басшысы.

Онан ары Еңбекші ауданына қарасты Чапаевка елді мекеніндегі апатты кәріз коллекторының жұмысымен танысты. 1964 жылы салынып, 3-4 метр тереңдікте жатқан 5,6 шақырымды құрайтын құбырларға бүгінгі таңда мердігер мекеме тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шаһар басшысы жауапты мамандарға кәріз құбырларын ауыстыру барысында бұзылған жол бөліктерін тездетіп қалпына келтіріп, көлік іркіліссіздігіне кедергі келтірмеуін талап етті.

Шымкент қала әкімі Таза қала

Шаһар басшысы қазіргі таңда күрделі жөндеуден өтіп жатқан Қапал батыр көшесінің бойындағы теміржол көпірінің жұмысымен танысты. 18 метрге дейін кеңейтілуі тиіс көпір уақытылы аяқталса, көлік қозғалысын реттеуде айтарлықтай сеп болары анық. Жұмысшы топ қаланы Төлеби және Сайрам ауданының бірқатар елді мекендерімен байланыстыратын көпір құрылысын тез арада пайдалануға беруге еңбек етіп жатқандығын жеткізді.

Қала тазалығын қадағалау үшін шаһар басшысы Қапал батыр көшесін аралады. Мұндағы ретсіз жарнама маңдайшалардың шаһардың сәнін кетіріп, сауда дүңгіршектерінің қоғамдық ортада тазалық сақтамайтындығын сынға алды. Осыған орай әкім орынбасарларына тазалық мәселесін үнемі басты назарда ұстау керектігін айтты.