Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Студенттік қатарға қабылдау» салтанатты кеші өтті

-Сіздер бізге қосылған жаңа толқынсыздар. Жаңа толқын алдыңғы толқыннан да биік болады. Сондықтан сіздердің білім жолындағы нәтижелеріңіз де биік болады деп сенемін. Республикадағы көшбасшы оқу орындарының бірі болып саналатын Махамьет батыр атындағы университетке түсулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, ақ жол болсын! — деді құттықтау сөзінде А.Иманғалиев.

Білім ордасындағы студенттік өзін-өзі басқару ұйымының белсенділері І курс студенттеріне «Білім кілтін», студенттік билеттер мен сынақ кітапшаларын салтанатты түрде табыс етті. Шарада университеттің өнерлі жастарынан құралған «Қорған», «Арна» «Жайдарман» топтары, әнші Армат Шакиров жастардың көңілдерін әнмен әрлеп, бимен көмкерді.

Айта кету керек, биыл университет қабырғасына мыңнан аса түлек студент ретінде қабылданып отыр. Олардың арасында өз облысымыздан бөлек, республикамыздың түкпір-түкпірінен, тіпті Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан, АҚШ және т.б. шет мемлекеттерден келген өрендер де бар. Жалпы, ігргетасы 1932 жылы қаланған батыстағы ірі білім ошағында барлығы 6 мыңға жуық жастар білім нәрімен сусындауда. Студенттік қатарға қабылдау шарасында сөйлеген сөзінде БҚМУ проректоры Т.Малбағарова білім ордасынан түлеп ұшқан танымал тұлғаларға тоқталды.

-Күллі Қазақстанға танымал қоғам қайраткерлері Бірғаным Әйтімова, Иманғали Тасмағамбетов біздің университеттің бір кездегі түлектері екендігін мақтанышпен айта аламыз. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында білім мен тәрбие алған бүгінгі жастар күні ертең солардың жолын жалғастырып, мықты маман, белді, беделді азамат атанатындығына сенеміз, — деді ол.