Нұрсұлтан Назарбаев: Сөгіс алу — қызметтен босатылғанмен бірдей

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жанармай тапшылығы Қазақстан Үкіметі мен Энергетика министрлігі тарапынан нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін уақытылы шешім қабылдамауы салдарынан орын алып отырғанын айтты.

«Энергетика министрлігі еліміздің отын-энергетика мәселелеріне, соның ішінде ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге жауапты. Елімізде оның тапшылығына байланысты орын алған ахуал Үкімет пен Энергетика министрлігі тарапынан немқұрайлылық пен жауапсыздыққа жол берілгенін көрсетіп отыр. Сіз биылғы мамыр айында мұнай өңдеу зауыттарына жөндеу жұмыстарын жүргізу кестесін бекіттіңіз. Күзде үш зауыттың екеуі жөндеу үшін тоқтатылатынын білдіңіз. Мұндай жағдай жыл сайын қайталанып келеді. Соны біле тұра, алдын-ала дайындалып, халықты қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде жанар-жағармай жеткізуге тиіс едіңіз. Олай болмады», – деді Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы министрліктің жанар-жағармай нарығындағы ахуалды тұрақтандыруға бағытталған бұған дейінгі шараларының тиімділігі төмен болғанын атап өтті.

«Сіз ұсынған жақсы бастамалар аз емес. Олар менің тарапымнан да, Үкімет тарапынан да қолдау тауып келеді. Жанармай тапшылығын болдырмау үшін бағаны мемлекеттік реттеуден бас тарту ұсынылды. Алайда, нарықта тағы да жанар-жағармай жетіспеушілігі орын алды. Осыған байланысты, Үкіметтің ұсынысы бойынша сізге сөгіс жарияладым. Бұл – қызметтен босатылғанмен бірдей«, – деді мемлекет басшысы.

Энергетика министрі келесі жылы Қазақстан нарығы жоғары сапалы жанармаймен, соның ішінде авиациялық жанармаймен қамтамасыз етілетінін айтты.

Кездесу соңында Елбасы нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін жауапкершілік жүктелетінін тағы да ескертіп, жанармай тапшылығын болдырмау үшін барлық қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

ДереккөзAkorda.kz