Басты бетАлматыда екінші...

Алматыда екінші рет TEDxAbayStWomen-2017 өтеді

Елімізде феминизм тақырыбы тек соңғы жылдары ғана кең талқылауға түсе бастады. БАҚ беттерінде гендерлік теңдік туралы материалдар жарияланып, кедергілерді жеңіп, белгілі бір салада жетістікке қол жеткізген әйелдердің хикаялары аздап болса да айтылатын болды.

Батыс елдерінде бұл тақырып аясын кеңге жайған. Оны насихаттаумен құқық қорғаушылар, журналистер, билік өкілдері мен белсенді азаматтар айналысады. Біздің елімізде әзірге тек еріктілер мен белсенділер ғана ат салысып отыр. Солардың бірі биыл екінші рет TED лицензиясымен TEDxAbayStWomen конференциясын өткізбек. 4 қараша күні жаңа кейіпкерлер өздерінің тағылымды хикаяларымен бөліседі.

Биылғы конференцияда еркектер мен әйелдерге де қатысты стереотиптер, табыс табу  және жұмыс, отбасы, қоғамға қатысты тақырыптар қозғалады. Бизнес және құқық, ғылымның өзге салалармен байланысы, жыныстық кемсітушіліктен құтылу жолдары сөз болады. Ол — барлығына қатысты тақырып. Себебі сексизмге әйелдермен бірге ер адамдар да душар болады. Мысалы, еркектен ақша табуды, туысқандардың айтқанынан шығып, әріптестері мен достарының арасында да бірінші болуды міндеттейтіндер көп.

TEDxWomen спикерлері тек әйелдер ғана емес. Оған бала тәрбиесінен бастап, кәсіби қарым-қатынасқа дейін қоғам үшін пайдалы тақырыптарда айтары бар, көрген-түйгенімен көпшілікке ой сала алатын адамдар қатысады.

TEDxAbayStWomen 4 қараша күні, сағат 12.00-де SmArt.Point амфитеатрында (Байзақов 280, Almaty Towers, 2-қабат) өтеді.

Қосымша сұрақтар үшін [email protected] поштасына хат жолдауға немесе бас ұйымдастырушы Лейла Махмудовамен +7 708 104 02 56 нөмірі арқылы байланысуға болады.