«Астана балет» театры күзгі маусымдық жұмысын Париж сахнасынан бастамақ

Аталмыш шара «Астана балет» жас қазақ театры үшін аса маңызды оқиға  болмақ. Себебі «Астана балет» театры күзгі маусымдық жұмысын Париж сахнасынан бастайды. Театрдың шығармашылық ұжымы ұлттық және әлемдік хореография өнерінің үздік үлгілерін ұсынатын болады.

Театр режиссері Валерий Күзембаевтың айтуынша, Францияда ұжымның өнер көрсетуі — үлкен жауапкершілік. Сондай-ақ, ол еліміздегі көркемөнер шеберлерінің қатысуымен гала-концерт өтетінін де айтып өтті.

«Қазақстанның Франциядағы ерекше мәдени бағдарламасына қатысу біз үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік, өйткені біз өз елімізді лайықты түрде танытуымыз керек. Біздің еліміз туралы ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылып, көрмелер, деректі фильмдер, этноауылдың көрсетілімі болады. Сондай-ақ  еліміздің заманауи мәдениетін көрсететін көркемөнер шеберлерінің қатысуымен гала-концерт қойылады», — дейді театр режиссері Валерий Күзембаев.

«Астана Балет» театры париждік өнер сүйер қауымға ұлттық мәдениеттің этникалық ноталары, «Аққыз» және «Арулар Шеруі» хореографиялық миниатюраларымен және «LoveFearLoss» бір актілі балетінің неоклассикалық стильдегі фрагментін ұсынады.

Айта кетейік, бұған дейін «Астана Балет» театры әлемдік атақты театр сахналары Мәскеу мен Санкт-Петербургте (Ресей), Бейжіңде (Қытай), Париж (Франция), Вена (Австрия), Сеул (Корея), Будапеште (Венгрия), Баку (Азербайжан), Нью-Йорк (АҚШ), Токио (Жапония), Варшава (Польша) өз өнерлерін көрсеткен болатын.